Оралда той кортежінде оқ атқан жігіт ұсталды
Әлеуметтік желіде таралған видеодан көрінгеніндей, той кортежінде жүрген жас жігіт көше қиылысында автокөлігінен шығып, ауаға екі мәрте от атқан
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 20 қараша күні Салтанат сарайы маңында орын алған. 102 телефонына "ВАЗ-2115" автокөлігінен шыққан белгісіз біреудің ауаға оқ атқаны жөнінде қоңырау шалынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат сайты.
Ш. есімді 20 жасар жүргізуші сол бойда ұсталып, көліктен тапаншаға ұқсас зат алынды. Сараптама қорытындысына сәйкес Түркиядан шығарылған "RETAY-Baron" тапаншасы атыс қаруы болып табылмайды.
Дегенмен аталған азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 434-бабы 1-бөлігіне сәйкес (ұсақ бұзақылық) әкімшілік іс қозғалды.
Сонымен қатар жүргізушінің құжатын тексерген кезде оның жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалғаны үшін мамандандырылған әкімшілік сотының биылғы 23 қыркүйектегі қаулысымен 1 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 612-бабы 3-бөлігіне сәйкес (құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) әкімшілік іс қозғалды.