Референдумды дайындау және өткізу бойынша сотқа талап-арыз түспеген
Азаматтар мен заңды тұлғалардың заңнама бұзу ықтималдығы туралы өтініштері мен шағымдарын Орталық референдум комиссиясы қарайды

Республикалық референдумды өткізу туралы жарлық қабылданғаннан бері Орталық комиссияға 228 өтініш түскен, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Республикалық референдум туралы" Конституциялық заңға сәйкес, референдум комиссиялары заңнама бұзу ықтималдығы туралы өтініштер мен шағымдарды қарауға өкілетті. Орталық комиссия бұл қызметті референдум және сайлау туралы конституциялық заңдардың нормаларына, сондай-ақ Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарына сүйене отырып белгіленген құқықтық тәртіпте жүзеге асырады, - деді орталық комиссия мүшесі Әсел Жанәбілова.
Барлық 228 өтініштің 200-і жеке тұлғалардан, ал 28-і заңды тұлғалардан келіп түскен. Өтініштердің ең көп бөлігі референдум туралы заңнаманы түсіндіруге қатысты.
Өтініштердің жартысынан көбіне жуығы, яғни 52%-ы референдум заңнамасын түсіндіруге, 20%-ы референдумның мәні мен тақырыбына, тағы 5%-ы қоғамдық пікірге сауал салудың өткізілуіне байланысты. Әр өтініш бойынша уақытылы қарау қамтамасыз етіліп, қолданыстағы заңнаманың нормаларына сілтеме жасау жолымен толық жауап берілуде, - деді Әсел Жанәбілова.
Орталық референдум комиссиясының мүшесі бүгінгі күнге дейін Орталық комиссия мен аумақтық комиссиялардың жауаптарына шағым түспегенін, сондай-ақ республикалық референдумды дайындау және өткізу мәселелері бойынша сотқа талап-арыздар да берілмегенін атап өтті.