Жаңа Конституцияны қарапайым тілмен түсіндіретін AI-платформа іске қосылды
Цифрлық платформа "Халықтық Конституция қарапайым сөздермен" деп аталады

Чат-бот арқылы кез келген азамат нақты уақыт режимінде сауалын қойып, жауап алады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жобаны "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі таныстырды. Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасына деген қызығушылықты ол өңірлердегі тұрғындармен кездесулер барысында байқаған. Жаңа Конституцияны қолдауға бағытталған Жалпыұлттық коалиция құрамында ол Жамбыл облысы мен еліміздің басқа да бірқатар аймағын аралаған.
Жаңа негізгі заң – біздің кім екенімізді, қандай қоғам құрып жатқанымызды, қандай құндылықтарды қорғап, балаларымызға қандай болашақ қалдырғымыз келетінін айқындайтын негізгі құжат. Сондықтан жаңа Конституция әрбір азаматқа, әрбір отбасыға, әрбір қала мен ауылға тікелей қатысты. Ал азаматтарға қарапайым, түсінікті әрі нақты жауаптар қажет, – деді Әбутәліп Мүтәлі.
Чат-бот мына сілтеме бойынша қолжетімді: https://halykconst.kz/chat
Платформа енгізілген түзетулерді талдау және оларды ұғынықты етіп түсіндіру үшін жасанды интеллект технологияларын пайдаланады. Нақты уақыт режимінде әрбір азамат еркін түрде сұрақ қойып, баптардағы нақты өзгерістерді көріп, олардың мазмұнына қатысты жан-жақты түсіндірме ала алады.
Сонымен қатар, сервисте AI-көмекші бар. Ол азаматтардың конституциялық құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік құрылым қағидаттары және негізгі түзетулер туралы пайдаланушылардың сұрақтарына жауап береді.
Чат-бот арқылы кез келген адам жаңа Конституция жобасындағы өзгерістермен танысып, олардың жастарға, мұғалімдерге, дәрігерлерге, кәсіпорын қызметкерлеріне, кәсіпкерлерге, отбасыларға және аға буын өкілдеріне қандай мүмкіндік беретінін біле алады.
Жобаны әзірлеушілер платформаның басты мақсаты – Конституция мазмұнын кең аудитория үшін түсінікті әрі қолжетімді ету екенін жеткізді. AI-сервис Жалпыұлттық коалицияның ресми сайтында орналастырылады. Ол Негізгі заңды зерделеуге, ұсынылып отырған өзгерістерді талқылауға және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға арналған ыңғайлы құралға айналады деп күтілуде.