Балалар спортын қаржыландыру екі есеге жуық артады
Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде бір спортшыға жылына орта есеппен 415 мың теңге бөлінеді

Қазіргі сметалық қаржыландыру кезінде бұл көрсеткіш орта есеппен 233 мың теңгені құрайды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Туризм және спорт министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Туризм және спорт министрлігі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін (БЖСМ) жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру жүйесін енгізуді және оларды аккредиттеуге қойылатын талаптарды белгілеуді көздейтін Заң жобасын әзірледі.
Жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу балалар мен жасөспірімдер спортының материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейін арттырады.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Туризм және спорт министрлігі сметалық қаржыландыру жүйесін қолданып отырған жалғыз мемлекеттік орган. Осыған байланысты саланы басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне ауысады.
Жобаны іске асыру жергілікті бюджеттерден қосымша қаражат бөлуді талап етеді. Аталған шығындар Республикалық бюджеттік комиссияның шешімімен қолдау тапты, ал қажетті қаражат жергілікті бюджеттер есебінен бөлінеді, - деп мәлімдеді министрлік. - Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру еліміздегі барлық БЖСМ-де 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілді.