Президент медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауды күшейту туралы заңға қол қойды
Енді дәрігерлердің өмірі мен денсаулығына зиян келтіргендер 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады

Бүгін ҚР Президенті Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне түзетулер енгізу туралы Заңға қол қойды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Қр Денсаулық сақтау министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметке физикалық күш қолдану және қатыгездік көрсету арқылы медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған заңнамаға өзгерістер әзірлеуді тапсырған болатын.
Заң Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадаларының жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұғушылық үшін қылмыстық жауаптылықты белгілейтін жаңа бапты енгізуді көздейді.
Нормаларға сәйкес:
- зорлық-зомбылық қолданамын деп қорқытқаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 300 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейінгі мерзімге шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделеді;
- ауырлататын мән-жайлар кезінде көрсетілген әрекеттерді жасаған кезде жаза қатаңдатылады және 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруды немесе шектеуді құрайды;
- өмірге және (немесе) денсаулыққа қауіпті емес зорлық-зомбылықты қолданған кезде 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар не 2 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделеді;
- өмір мен денсаулыққа қауіпті зорлық-зомбылықты қолдану 5 жылдан 10 жылға дейін, ал ауырлататын жағдайлар болған кезде 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бастап Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, мейіргерлерге және денсаулық сақтау жүйесінің басқа да қызметкерлеріне шабуыл жасаудың 280-нен астам фактісі және 2025 жылдың өзінде ғана-58 факт тіркелді.