Шығыстан шыққан өнерлі азаматтарға мемлекеттік стипендия тағайындалды
Мемлекет басшысының өкімімен бірқатар көрнекті өнер және әдебиет қайраткерлеріне 2025 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия тағайындалды

Өнер мен әдебиетке өлшеусіз үлес қосқан азаматтар қатарында жерлестеріміз де бар, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Биыл мемлекеттік стипендияны 75 әдебиет және өнер қайраткері иеленді. Бұл мәдениет, өнер саласының дарынды өкілдерін ынталандыру, олардың кәсіби қызметіне серпін беріп, жаңа жобаларды іске асыру мақсатында көрсетілген мемлекеттік қолдау.
Мемлекеттік стипендия:
- белгілі жазушы, II дәрежелі "Барыс" және "Парасат" ордендерінің иегері, "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері", мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асқар Әлібекке;
- сатирик, "Қазақстанның халық жазушысы" құрметті атағының иегері, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Ғаббас Қабышұлына;
- ақын, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Гүлнар Салықбаеваға;
- актёр және кинорежиссер, "Отан" және "Құрмет" ордендерінің, "Қазақстанның халық әртісі" құрметті атағының иегері, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Досхан Жолжақсыновқа берілді.
Аталған стипендия мәдениет пен өнер саласының дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті қайраткерлерге тағайындалады. Бұл марапат — олардың мәдениет саласындағы көпжылдық жемісті еңбегіне көрсетілген жоғары құрмет пен мемлекет тарапынан берілген лайықты баға.




