Бас дәрігер ауруханаға жабдық алу кезінде мемлекет бюджетін жымқырған
Қазығұрт аудандық ауруханасының бас дәрігері таныстарының компаниялары арқылы жалған келісімшарт жасап, мемлекетке 115 млн теңге шығын келтірген

ҚМА Түркістан облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен осы факті бойынша тергеу жүргізуде, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері медициналық газбен жабдықтау жүйесіне арналған құрылғыларды сатып алу кезінде оларды жасанды түрде бірнеше бөлікке бөліп, кейін көптеген келісімшарттар жасау арқылы сатып алуды ұйымдастырған, - деп мәлімдеді ҚМА. - Схеманы жүзеге асыру үшін ол медициналық жабдықтарды жеткізу саласында тәжірибесі бар танысын тартқан. Ол өзіне бағынысты, туыстары мен таныстарының атына тіркелген коммерциялық ұйымдарды пайдаланған. Осы компаниялардың атынан әдейі асыра көрсетілген коммерциялық ұсыныстар дайындалған.
Сонымен қатар, жабдықты іс жүзінде басқа компания жеткізгенімен, қабылдау актілері мен келісімшарттар бақылауындағы фирмалар арқылы рәсімделген.
Ауруханадан аталған компаниялардың есепшоттарына қаржы түскеннен кейін күдіктілер қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, өзара бөлген.
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 115 млн теңгені құрады.
Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдікті елордадан екі бөлмелі пәтер сатып алған, сот санкциясымен бұл мүлікке тыйым салынды.
Бұрынғы бас дәрігерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылды, ал оның сыбайласы үй қамақта отыр.