2027 жылға дейін елімізде 2 млрд ағаш отырғызылады
Бүгінде еліміздің орман қорына 1,4 млрд көшет отырғызылған

Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мемлекет басшысының елді ауқымды көгалдандыру жөніндегі тапсырмасы қарқынды орындалуда.
Биыл 370 млн ағаш отырғызу жоспарланса, оның 270 млн-ы отырғызылған. Алдағы уақытта отырғызылатын ағаштарды сапалы материалмен қамтамасыз ету үшін келесі жылдан бастап алты орман тұқымы кешенінің құрылысы басталады. Атап айтқанда, Аралдың құрғаған түбінде көшеттерді өсіру үшін ауданы 30 гектарға дейінгі мамандандырылған тәлімбақ құрылады.
Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 1,4 млрд көшет отырғыздық. 2026-2027 жылдары қойылған барлық міндеттер жүзеге асатын болады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының елді мекендерге ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы жоспардан артық орындалғанын атап өткім келеді. Республика бойынша 18 млн 100 мың дана көшет отырғызылған, - деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.