Шымкентте блогер мемлекеттік қызметшіден 10 млн теңге бопсалаған
Журналист-блогер әлемжеліге мемлекеттік органдардың қызметін қаралайтын материалдар таратпау үшін лауазымды тұлғадан ақша талап еткен

Қазір күдікті қамауға алынып, тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында лауазымды тұлғадан ақша бопсалаған блогер-журналисті ұстады.
Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті әкімдік қызметкерінен 10 миллион теңге көлемінде ақша талап еткен. Ол бұл сомаға әлеуметтік желілерде мемлекеттік органдардың қызметін қаралайтын материалдарды таратпауға уәде берген, - деп мәлімдеді ҚР ІІМ баспасөз қызметі. - Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында күдіктінің тұрғылықты жері мен кеңсесінде тінту жүргізіліп, нәтижесінде электрондық құрылғылар мен өзге де заттай айғақтар тәркіленді.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.