Қарашада ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы
Бұл туралы Президент бүгін Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жетекшілерімен кездесуде айтты

Мемлекет басшысы Ақмола облысындағы егін жинау науқанымен танысты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Биыл өңірдегі егіс алқабының көлемі 300 мың гектарға ұлғайып, 5,5 миллион гектарға жеткен. Болжам бойынша аймақтағы агроқұрылымдар 7 миллион тоннадан астам дәнді, 650 мың тоннадан аса майлы дақыл жинамақ. Бүгінге дейін 3,6 миллион тонна астық бастырылды. Орта есеппен 1 гектар алқаптан 15,4 центнер өнім алынған. Жиналған өнімнің сапасы жоғары.
Президент Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жетекшілерімен саланың жай-күйі, шаруалардың жетістіктері, сондай-ақ қордаланған мәселелері жөнінде әңгімелесті.
Биыл ауа райы қолайлы. Үкімет қолдау көрсетіп отыр. Жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп, алдын ала жеңілдетілген несие беруде. Астық түсімі жақсы болады деп ойлаймыз. Баршаңызға табыс тілеймін. Жолдауда атап өткенімдей, басты міндет – ауыл шаруашылығында терең өңдеу өндірісін дамыту. Былтыр ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 8 триллион 250 миллиард теңгені құрады. Бұл көп те, аз да емес. Өңірдегі басқа елдермен салыстырғанда ауыл шаруашылығы жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бірақ ішкі жалпы өнім көлеміне шаққанда, бұл 6 пайыз ғана. Яғни, экономикадағы ауыл шаруашылығының үлесін арттыру қажет. Ауыл шаруашылығы – біз үшін табысты сала. 12 миллион тонна бидай экспорттау әлеуеті – өте жоғары көрсеткіш. Қазірдің өзінде астықты Еуропа елдері сатып алып жатыр. Жолдауда айтқанымдай, астықтың алғашқы легі, шамамен 15 мың тонна бидай Вьетнамға жолданды, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы биыл қараша айында Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтетінін айтты. Онда агроөнеркәсіп кешенін дамыту және мемлекеттік қолдау мәселелері қарастырылады.