Елдегі кәсіпорындар 3,7 мыңнан астам жұмыскерге 1,4 млрд теңге қарыз
Сондай-ақ түрлі ұйымдарда еңбек құқығы бұзылуының 4,7 мыңнан астам фактісі тіркелген

Бұл туралы мемлекеттік еңбек инспекторлары айтады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
1 қыркүйектегі жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 257 кәсіпорны 3,7 мыңнан астам жұмыскерге 1,4 млрд теңгеге жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығы бұзылуының 4,7 мыңнан астам фактісі анықталды, - деп мәлімдеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. - Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 2 602 ұйғарым берілді және 332 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 3 437 мың жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 1,2 млрд теңге төленді.
Еңбек заңнамасының сақталуы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 013 тексеру жүргізді, оның барысында 4 706 бұзушылық анықталды.
Оның ішінде:
- еңбек саласында – 3 965;
- еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 721;
- халықты жұмыспен қамту бойынша – 20.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 30 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалған.