ШҚО әкімдігі талапкерлерге 299 грант бөлген
Еліміздің әр өңіріндегі әкімдіктер талапкерлерге 2 мыңға жуық грант бөлді

2025-2026 оқу жылына жергілікті атқарушы органдардан конкурстық негізде мемлекеттік білім беру грантына өтініштерді қабылдау басталды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Әкімдіктер жыл сайын басым мамандықтар бойынша нысаналы даярлыққа гранттар бөледі.
Биыл жергілікті атқарушы органдар 1729 білім беру гранттарын бөлді.
Атап өтетін болсақ, 526 грантты елорда әкімдігі бөліп отыр. Бұл – әкімдіктер арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Одан кейінгі орында Шығыс Қазақстан облысы – 299 грант, Шымкент қаласы – 285, Атырау – 265, Жамбыл облысы – 215, Абай облысы – 200, Түркістан – 180, Батыс Қазақстан облысы – 128 грант, Маңғыстау облысы – 108 грант, қалған аймақтар 100-ден аз грант бөлген, - деп мәлімдеді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына өтініш беруі қажет. Сондай-ақ ЖОО-ға білімі туралы құжат, ҰБТ сертификатын, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, жеңілдік санатын растайтын құжаттарды (бар болған жағдайда) тапсырады.
Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктерден, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Грант беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.