Биыл қазақстандық жастарға 3 млн теңгеден 30 грант беріледі
"Тәуелсіздік ұрпақтары" грантына конкурстық өтінімдерді қабылдау басталды

14-34 жас аралығындағы шығармашыл жастар өз идеяларын жүзеге асыру үшін грантқа үміткер бола алады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мемлекет басшысы тағайындаған "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жаңа идеялар мен бастамаларды мемлекеттік қолдау үшін беріледі.
2025 жылы республикалық деңгейде 3 млн. теңгеден 30 грант беріледі. Грантқа 14 жастан бастап 35 жасқа дейінгі (34 жасты қоса алғанда) Қазақстан Республикасының азаматы үміткер бола алады, - деп мәлімдеді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Грант мынадай 6 бағыт бойынша жобаларды іске асыру үшін конкурстық негізде беріледі:
- "Ғылым" – жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
- "Мәдениет" – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
- "Ақпараттық технологиялар" – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;
- "Бизнес" – жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
- "Медиа" – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған;
- "Волонтерлік" – өзекті, әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған волонтерлік жобаларды (бастамаларды) іске асыруға арналған.
Конкурстық өтінімдер 16 маусымнан бастап 18 тамыз аралығында (18 тамыз сағат 24.00-ге дейін) t.urpaktary25@gmail.com электронды поштасына қабылданады. Анықтама телефондары: 8 (7172) 74-12-78, 8 706-618-07-23 (жұмыс күндері, сағ. 9.00-ден 18.30-ға дейін).