Семейдегі аспалы көпірден салмағы 8 тоннадан асатын көліктерді енді өткізбейді
Семейдегі Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпірде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

Қазір көпірдің сол жағалаудан оң жағалауға бағытталған бөлігіндегі жолға асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Абай ауданы әкімдігінің ақпаратына сүйеніп.
Ескі асфальт, гидрооқшаулағыш қабаттар алынып, жаңа гидрооқшаулағыш материал және жаңа асфальтбетон жамылғысы төселді.
Аймақ басшысы Берік Уәли жөндеу жұмыстарының сапасын бақылап, көпірдің асфальт төселген бөлігінде қозғалысты жылдамдатып ашуды тапсырды. Облыс әкімі Семей қалалық полиция басқармасына көлік өткелінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көпірдің конструкциялық элементтерін сақтау мақсатында салмағы 8 тоннадан асатын көлік құралдарының қозғалысына шектеу қою қажеттігін айтты. Бұл үшін көпірдің екі жақ шетіне бекеттер қойылады.
Біз жолаушыларға қолайлы болсын деп көпірдің үстіндегі жолды ғана емес, көпірге дейінгі 600 метр жол учаскесіне асфальт төседік. Осындай техникалық шешім қабылдадық. Жұмыстың межелі мерзімнен кешігуінің себебі – осы. Бұған тұрғындар түсіністікпен қарайды деп ойлаймыз, – деді аймақ басшысы.
Аспалы көпірдің жалпы ұзындығы 1100 метрді құрайды. Оның ішінде аспалы аралық – 750 метр, бетонды аралық – 350 метр. Ені – 26 метр. Асфальтты ауыстыру жұмыстарына 80-ге жуық жұмысшы мен 20-дан астам арнайы техника жұмылдырылған.