Бастауыш сыныптар арасында зерттеу жүргізіледі
Қазақстан мектептерінің бастауыш сынып оқушылары мәтінді оқу және түсіну қабілетіне тексеріледі
Фото:
erketai.kz
Елімізден халықаралық іріктеумен өткен 14 өңірден төртінші сынып оқушылары PIRLS халықаралық зерттеуіне тұңғыш рет қатысады. PIRLS (Progress in International Reading Literacy Study) төменгі сыныптағы оқушылардың әртүрлі форматтағы мәтіндерді оқу дағдыларын қалыптастыру деңгейін анықтауға бағытталған.
- Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі қауымдастық арасында 2012 жылдың 31 қазанында қазақстандық бастауыш мектептердің 4 сынып оқушылары 50 елдің арасында PIRLS халықаралық зерттеуіне қатысуы туралы ынтымақтастық келісіміне қол қойылған болатын, - дейді Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Садықова.
Зерттеу бес жылда бір рет өткізіледі. Жоба алғаш рет әлемнің 35 елінің қатысуымен 2001 жылы іске асырылды. PIRLS зерттеуінің 3 кезеңі бойынша (2001, 2006, 2011) көшбасшы елдер қатарында Гонконг, Ресей Федерациясы, Финляндия және Сингапур тұр.
- Шығыс Қазақстан облысы 2015 жылы PIRLS апробациясына қатысса, 2016 жылы «PIRLS-2016 халықаралық зерттеуіне» қатысады, - дейді Айжан Садықова. – «PIRLS-2016 халықаралық зерттеуі» Шығыс Қазақстан облысы бойынша 2016 жылдың 4-16 сәуір аралығында өтеді. Облысымыздағы 667 мектептің ішінен - 12 мектеп, 303 оқушы зерттеуге қатысады. Зерттеу нәтижесі 2017 жылғы желтоқсанда жарияланады.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша 4 сыныпта оқитын оқушылардың жалпы саны есептік кезеңде 17585 баланы құрайды. Олардың зерттеуге дайындығы биылғы оқу жылының қыркүйек айынан басталып кеткен. Яғни, арнайы жұмыс топтары құрылып, ай сайын тестілеу өткізіліп келеді.
Назерке Кәрімова