Мемлекеттік сатып алулар Қазақстанның химия саласына оң әсер етті
Қазақстанда отандық өндірушілерді қолдаудың маңызды құралдарының бірі - мемлекеттік сатып алулар жүйесі

Бұл тәсіл химия өнеркәсібінде бірқатар оң нәтижелерге әкелді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру кезінде қазақстандық компанияларға басымдық берілуі ішкі өндіріс көлемін арттыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және өндірістік қуаттарды жаңғыртуға мүмкіндік берді.
Өнеркәсіп саласында іске асырылған заңнамалық бастамалардан басқа, химия саласына оң әсер еткен бірқатар нақты нормалар қабылданған.
- Мемлекеттік сатып алу кезінде ұлттық режимнен алу нәтижесінде өткен жылы лак бояу материалдары, тұрмыстық химия және жағар майлар өндірісінің көлемі 30%-ға өсті.
- Субсидияланған тыңайтқыштарды елден заңсыз шығарылуын тоқтату үшін аммофос, селитра сияқты маңызды тыңайтқыштардың (ҚазАзот, Қазфосфат) экспорты лицензия беру арқылы реттелді. Бұл шара бағаны тұрақтандыруға және жергілікті фермерлерге тыңайтқыш жеткізуді арттыруға ықпал етті.
Алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша өнім көлемі 12,5% пайызға өсіп, 406 миллиард теңгені құрады. Өсім полипропилен және уран қосылыстары өндірісінің ұлғаюымен байланысты.
Бүгінде химия саласында 49 жоба іске асырылуда. Олардың негізгілері мұнай және металлургия саласына қажет химиялық өнімдерді шығаруға бағытталған.