Қазақстанда жаңа әкімшілік жаза түрі – "қоғамдық жұмыстарға тарту" енгізіледі
2025 жылғы 10 қаңтарда Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды

Жаңа түзетулер 13 наурыздан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ПД ақпаратына сүйеніп.
Арнайы қызметтерге жалған қоңырау шалу үшін жауапкершілік күшейтілді.
Енді шұғыл қызметтерге әдейі жалған қоңырау шалғаны үшін айыппұл 30 АЕК-тен 60 АЕК-ке дейін ұлғайтылады, ал қайталанған жағдайда 120 АЕК немесе 40 сағат қоғамдық жұмыстар қарастырылған. Егер құқық бұзушылықты кәмелетке толмаған бала жасаса, оның ата-анасына 30 АЕК (бұрын 15 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады, бұрынғы ескерту шарасы алынып тасталды.
Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жаңа айыппұлдар мен қатаң жаза:
- Арнайы автокөліктерге жол бермеу – айыппұл 7 АЕК-тен 20 АЕК-ке, қайталанған жағдайда 15 АЕК-тен 40 АЕК-ке немесе 20 сағат қоғамдық жұмысқа ұлғайтылады.
- Теміржолдағы қозғалыс ережелерін бұзу – ескерту алынып тасталып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған (ҚР ӘҚБтК 559-бабы 1-бөлігі).
- Қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу (көлік жүргізу құқығынан айыру қолданылмайтын тұлғалар үшін) – 30 АЕК айыппұл.
- Қозғалыстағы көліктің терезесінен дененің кез келген бөлігін шығару – жүргізушілер мен жолаушылар үшін 10 АЕК айыппұл.
- Бір жыл ішінде қайталанған жол-көлік оқиғасы (ЖКО) – 40 АЕК айыппұл немесе 9 айға жүргізуші куәлігінен айыру.
- Қарама-қарсы жолаққа шығу немесе теміржол өткеліндегі ережені бұзу салдарынан ЖКО жасау – 9 айға жүргізуші куәлігінен айыру.
Енді есірткі, психотроптық және күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін 40 АЕК айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу, қайталанған жағдайда 80 АЕК айыппұл немесе 20 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі келтіру бойынша жаңа бап (ҚР ӘҚБтК 667-бабы) енгізілді. Бұдан былай полиция қызметкерлерін қорлау, арандату, әдепсіз қимылдар немесе заттарды көрсету, оның ішінде БАҚ және интернет арқылы тарату әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Жазаны жеңілдету:
- Тұрақ ақысын төлемегені үшін айыппұл 3 АЕК-тен 1 АЕК-ке, қайталанған жағдайда 5 АЕК-тен 2 АЕК-ке дейін төмендетілді.
- Шетел азаматтығын алғаны туралы уақтылы хабарламағаны үшін айыппұл 200 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін азайтылды.
- Жәбірленушілерсіз болған ұсақ ЖКО үшін жүргізуші куәлігінен айыру жазасы алынып тасталды, бірақ бір жыл ішінде қайталанған жағдайда жаза күшейтіледі.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда жаңа әкімшілік жаза түрі – қоғамдық жұмыстар енгізіледі. Бұл өзгеріс әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін мәжбүрлі еңбекті қолдануға қатысты конституциялық норманы іске асырумен байланысты.
Қоғамдық жұмыстар ҚР ӘҚБтК-ның 9 бабында балама жаза ретінде қарастырылады, оның ішінде:
- Отбасындағы құқыққа қайшы әрекеттер (ҚР ӘҚБтК 73-бабы);
- Ұсақ бұзақылық (434-бап);
- Ортақ пайдалану орындарын ластау (434-2-бап);
- Шұғыл қызметтерге жалған қоңырау шалу (438-баптың 2-бөлігі);
- Қоғамдық орында алкоголь ішу және мас күйде болу (440-баптың 3-бөлігі);
- Құқық қорғау органдары өкілдерінің заңды талаптарына бағынбау (443-баптың 2-бөлігі);
- Қоғамдық орындарда әдепсіз әрекеттер жасау (449-баптың 2-бөлігі);
- Арнайы автокөліктерге жол бермеу (598-баптың 2-бөлігі);
- Жаяу жүргіншілердің ЖҚЕ жүйелі түрде бұзуы (615-баптың 4-бөлігі).
Қоғамдық жұмыстардың орындалуын жергілікті атқарушы органдар бақылайды. Оларды орындаудан бас тартқандар ҚР ӘҚБтК-ның 669-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Жаңа түзетулер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Жүргізушілерге жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтау ұсынылады, себебі жаза айтарлықтай күшейтілді.