Мемлекет басшысы ШҚО әкімін қабылдады
Нұрымбет Сақтағанов Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және бұған дейін берілген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу және көлік инфрақұрылымын жақсартуға баса мән беру керек екеніне тоқталды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент облыс экономикасын әртараптандыру, қайта өңделген өнім экспортын кеңейту және инвестиция тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Облыс әкімі өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі салаларға тартылған инвестиция мен өндіріс көлемінің өскенін атап өтті. Жалпы көлемі 400 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, 46 жаңа өндіріс орны іске қосылған.
Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, туризм, цифрландыру салаларын, көлік-логистика секторы мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға баса назар аударылады.
"Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 18 нысан салынып, 6 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жүргізілді. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы бойынша 5 білім ошағы пайдалануға берілді. Оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін 7 мектеп бой көтереді, - деді баяндамасында ШҚО әкімі. - Жұмысшы мамандықтары жылына орай кәсіпорындардың сұранысы негізінде құрылыс, ауыл шаруашылығы, авиация, энергетика және су көлігі салалары бойынша жаңа білім беру бағдарламалары ашылады. Еңбеккерлерді қолдау мақсатында "Отбасы банкімен" бірлесіп, өңірлік "Шығыс маманы" жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы іске қосылды.
Облыс әкімі өңір тұрғындарын толығымен таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі міндет жыл соңына дейін орындалатынын жеткізді. Бұл бағытта құны 14 миллиард теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылады.
Алдағы екі жылда өңірге кемінде 1,5 триллион теңге инвестиция тарту, 700 мың шаршы метрден астам тұрғын үй және 28 әлеуметтік нысан салу, сондай-ақ ұзындығы 600 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланып отыр.