Республикалық автожолдардағы шектеулерді енді 2ГИС-тен де көруге болады
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ күре жолдардағы қазіргі ахуал жайлы мәліметті 2ГИС–ке ұсынып отырады

Осылайша жүргізушілер өз бағыттарын тиімді жоспарлай алады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ республикалық маңызы бар 25 мың шақырымға жуық автожолдарды басқару жөніндегі ұлттық оператор болып табылады. Автожолдардағы жағдай туралы ақпарат qaj.kz ресми сайты мен Sapar мобильді қосымшасында жарияланады. Енді бұл ақпаратты 2ГИС геосервисінен де көруге болады.
Автомобилистерге арналған, сұранысқа ие мобильді қосымшалармен серіктестікті дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Бүгінде 2ГИС геосервисімен жаңа интеграция орнатылды. Енді осы сервис арқылы маршруттарды құру кезінде республикалық маңызы бар автожолдардағы ағымдағы жағдай туралы ақпарат ескеріледі, - деп мәлімдеді "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ.
Мәселен, ауа райының қолайсыздығына байланысты қай бағытта, қандай елді мекенде көлік қозғалысы уақытша шектелгені бейнеленеді. Бұл функция әсіресе қыс мезгілінде, шұғыл континентальді климатпен ерекшеленетін аймақтарда өзекті болмақ.
Біз 2ГИС–ке күре жолдағы қазіргі ахуал жайлы мәліметті ұсына отырып, сервисті пайдаланушы жүргізушілерге өз маршруттарын тиімді жоспарлауға, жолдағы келеңсіз жағдайлардың алдын алуға және ең бастысы - діттеген жерге тез, әрі ыңғайлы жетуге өз септігімізді тигіземіз. Егер автомобиль жолының белгілі бір учаскесінде қозғалысқа шектеу қойылса, 2ГИС жүргізушіге ең оңтайлы балама жолды ұсынады, - делінген хабарламада.