Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден сотталған әйелдерге амнистия жасауды ұсынды
Қарат Әбден "Ауыл" партиясының фракциясы сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, ондай әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынатынын жеткізді

Депутат осы мәселеге қатысты ҚР Ішкі істер министрлігіне сауал жолдады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Депутаттың айтуынша, мұндай шара әлеуметтік әділдік орнатуға, отбасы құндылығының нығаюына және өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдердің дұрыс жолға түсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Көп жағдайда отбасыдағы бала тәрбиесі әйелдердің мойнында. Бүгінгі таңда 2336 әйел бас бостандығынан айырылған, олардың жартысы аналар, оның ішінде 250-і көп балалы аналар. 1500-ден астам бала анасыз қалып, аналарымен қауышуды күтіп отыр. 100-ге жуық сәби үйіне жіберілген. Бұлар жай ғана цифрлар емес бұл ойран болған отбасылар, бұзылған тағдырлар, ең сорақысы ана жылуынан айырылған сәбилер, - дейді Қарақат Әбден.
Депутаттар зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған әйелдерге амнистияны қолдану үшін мынадай критерийлер ұсынды:
- жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар әйелдер;
- көпбалалы әйелдер;
- алғаш сотталған әйелдер;
- жасы ұлғайған (60-тан асқан) әйелдер.
Ал ауыр қылмыс, аса ауыр қылмыс жасап, зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасап, сол үшін сотталған, қоғамға қауіп төндіретін әйелдерге амнистия жасалмайды, - деп ұсынды Қарақат Әбден.