Президент жаңа темір жол құрылысын бастауды тапсырды
Қазақстан арқылы өтетін темір жол дәлізін дамыту жұмысын тездету қажет

"Мойынты – Қызылжар" бағытындағы жаңа темір жол құрылысы Транскаспий бағдарының негізгі бөлігі болмақ, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың біразы қазір жүзеге асырылып жатыр. Алдын ала қамданып, жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беру керек.
"Мойынты – Қызылжар" бағытында жаңа темір жол құрылысын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керек, - деп атап өтті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. - "Алтынкөл – Жетіген" темір жолын да кеңейту қажет. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін едәуір арттырады.
Мемлекет басшысы темір жол тасымалын цифрландыру жобаларын уақтылы аяқтау маңызды екенін айтты. Мультимодальді көлік тораптарын дамытуға баса мән берген жөн. Сол арқылы тасымалдың барлық түрін өзара кіріктіруге мүмкіндік туады. Жаһандық электронды сауда-саттық көлемінің артуы біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Қазақстанға озық логистика жүйесі қажет. Қазіргі халықаралық нарықтың ерекшеліктерін ескерсек, бұл стратегиялық сипатқа ие міндет саналады. Автокөлік тасымалына арналған "жасыл дәліздің" тиімді қызметін қамтамасыз ету маңызды. Бұған дейін жоспарланған жолдарды салу және жөндеу жұмысын уақтылы аяқтау керек. Біз автокөлік тасымалының әлеуетін толығымен пайдаланып отырған жоқпыз. Заманауи технологияларды енгізбейінше, логистиканы табысты дамыту мүмкін емес. Сондықтан қоймаларды автоматтандыру, маршруттарды цифрландыру, көлік ағынын басқару ісінде жасанды интеллектіні қолдану Үкімет жұмысының басым бағыттары болуға тиіс, - деп баса айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.