Қазақстан спортшылары қысқы Азия ойындарына алтыншы мәрте қатыспақ
ҚР Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, отандастарымыз ең алғаш 1996 жылы Харбиндегі додада өнер көрсеткен

Қазақстан құрамасынан Харбиндегі қысқы Азиадаға 138 спортшы: 72 ер және 66 әйел қатысады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ойындарға Азияның 32 елінен 1000-нан астам спортшы қатысып, 64 медаль жиынтығы үшін сынға түседі.
Бүгінге дейін жерлестеріміз қысқы Азиадада 196 медаль (78 алтын, 62 күміс және 56 қола) жеңіп алған. 2017 жылы Саппорода өткен ойындарда Қазақстан құрамасы 32 медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 4-орынға ие болған еді.
Жерлестеріміз 6 спорт түрінен 10 дисциплинада өнер көрсетіп, 51 медаль жиынтығын сарапқа салады.Харбинге баратын делегацияның жартысынан астамы Астана, Алматы қалаларынан және Шығыс Қазақстан облысының спортшылары. Сондай-ақ тағы 10 өңірдің спортшылары өнер көрсетеді.
Азия ойындарының салтанатты ашылуы 7 ақпан және жабылу рәсімі 14 ақпан Харбиндегі Harbin International Convention and Exhibition Centre Stadium спорт нысанында өтеді.
Ски-альпинизм спорты алғаш рет Азия ойындарының бағдарламасына енгізіліп отыр.
Қытайдың Харбині қысқы Азия ойындарын биыл екінші рет қабылдайды. Бұған дейін бұл қалада 1996 жылғы Азиада өткен болатын.
Жалпы, Қытайда қысқы сары құрлық бәсекесі үшінші мәрте өткелі тұр. Азиаданың салтанатты бөлігі мен жарыстар 7 спорт нысанында өтеді. Атап айтқанда:
- Харбин хоккей аренасы;
- Халықаралық Харбин конгресс-көрме және спорт орталығы;
- Харбиндегі Пинфан ауданының хоккей аренасы;
- Харбин спорт университетінің мұзайдыны;
- Хэйлунцзян көпфункционалды залы;
- Хэйлунцзян оқу орталығының мұздағы жарыстарға арналған залы;
- Ябули тау-шаңғы курорты.