Азия чемпионатынан қоржынымызға тағы бір алтын түсті
Күміс алған Абылайхан Жүсіпов – Азия чемпионы деп танылды
Оның қарсыласы жекпе-жек барысында Абылайханды тістегені анықталды, деп хабарлайды Устинка LIVЕ тілшісі ҚР Спорт комитеті ақпаратына сүйеніп.
Таиландта өткен Азия чемпионатында 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен финалдық жекпе-жек нәтижесіне қайта қарау жүргізіліп, Абылайхан Жүсіповтың жеңісі әділ түрде мойындалды.
Мұның себебі – Өзбекстандық спортшы Хавасбек Асадуллаевтың ереже бұзуы. Ол жекпе-жек барысында қарсыласын тістегені анықталды. Осыған байланысты ішкі техникалық ережелерге сәйкес, Хавасбек Асадуллаев жарыстан толықтай шеттетіліп, оның медалі мен сыйақысы қайтарылды. Ал Абылайхан Жүсіпов әділ шешімнің нәтижесінде өз салмағында Азия чемпионы атанды, - делінген хабарламада.
Осылайша, құрлықтық чемпионаттың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржынына 5 алтын медаль түсті.
Азия чемпиондары:
- 54 келі. Махмұд Сабырхан
- 71 келі. Абылайхан Жүсіпов
- 86 келі. Бекзат Нұрдәулетов
- 92 келі. Сағындық Тоғамбай
- +92 келі. Айбек Оралбай
Күміс жүлдегерлер:
- 48 келі. Санжар Тәшкенбай
- 57 келі. Оразбек Асылқұлов
- 67 келі. Дулат Бекбауов
- 75 келі. Диас Молжігітов
Қола жүлдегер:
- 80 келі. Ерасыл Жақпеков