Қазақстандық оқушылар қысқы каникулда неше күн демалады?
Мектеп оқушыларының екінші тоқсанды аяқтауына санаулы күндер қалды

Қысқы демалыс кезеңі 2024 жылдың 30 желтоқсаны мен 2025 жылдың 8 қаңтарын қоса алғанда он күнге созылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мектеп оқушыларының қысқы демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу мақсатында "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасалған. Жоспар бойынша мектептерде бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізіледі:
- "Оқуға құштар мектеп" жобасын іске асыру аясында "Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз" мектепішілік іс-шарасы;
- Театр фестивальдері мен қойылымдары;
- Жаңа жылдық әшекейлер жасау бойынша шеберлік сабақтары;
- Қауіпсіздік сабақтары;
- Мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар;
- Спорттық ойындар, коньки, шаңғы тебу;
- Қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар.
Ең бастысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың көшедегі қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылады. Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады, - деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.