Астанада Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы өтті
Саммитке Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан президенттері қатысты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Сонымен қатар, сессия жұмысына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Бас хатшысы Сергей Лебедев пен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин қатысты.
Бүгінде ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін тиімді әрі қажетті халықаралық құрылымға айналды. Ұйымның даму жылдарында мүше мемлекеттер көптеген мәселе бойынша өзара ықпалдастық жасап, мол тәжірибе жинады. Ауқымды нормативтік-құқықтық база қалыптасты. Қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күрес тетіктері жолға қойылды. Ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдары жасақталып, қалыпты қызмет етіп жатыр. Беделді халықаралық және өңірлік ұйымдармен конструктивті ынтымақтастық орнатылды, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда өткен отырыста мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқанын айтты. Сондай-ақ Қазақстанның төрағалығы аясында ҰҚШҰ-ның биылғы қызметі қорытындыланғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ҰҚШҰ төрағасы ретінде Қазақстан айқындаған басымдықтар жүйелі әрі қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Серіктестердің қолдауына сүйене отырып, ҰҚШҰ аясында аталған бастамаларды одан әрі ілгерілету ісі белсенді жалғасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалықтың Қырғыз Республикасына өтуі туралы шешімнің қабылдануымен құттықтап, қырғыз тарапының жауапты міндетті табысты атқаруына тілектестік білдірді.
Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдап, бірқатар құжатқа қол қойды:
- Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасы бекітілді.
- Сонымен қатар, президенттер Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты мәлімдеме қабылдап, келесі жылы осы айтулы датаға орай ұйымдастырылатын мерекелік іс-шаралардың жоспарын бекітті.
- Астанада қабылданған құжаттар Ұйым мен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін барлық мүше мемлекеттердің мүддесіне сай кешенді түрде дамытуға бағытталған.