Шығысқазақстандықтар арқан тартыстан алға шықты
Астана қаласында ерлер және әйелдер арасында арқан тартыстан республикалық турнир өтті
Шығысқазақстандық қыздар командасы қола қанжығаласа, ерлер командасы турнир чемпионы атанды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Республикамыздың түкпір-түкпірінен 20 команда жиналып, өзара айналмалы жүйе бойынша тартысқа түсті.
Алғаш боп 560 келі салмақта тартысқа әйелдер түсті. Өзара 5 кездесу өткізіп, финалда жеңіске жеткен астаналық "Барыс" командасы болды. 720 келі салмақ дәрежесінде ешкімге есе жібермеген Шығыс Қазақстан облысының құрамасы болса, 1000 келі салмақ дәрежесіндегі алтын жүлде де шығыстықтардың қанжығасына кетті.
Бұл турнирге алғаш рет 1000 келі салмақ дәрежесін қостық. Нәтиже жаман емес, 7 команда жиналды. Эмоцияға толы, тартысты бәсекенің куәсі болдық. 1000 келіде жақсы командалардың барын байқадық. Алдағы уақытта да бұндай турнирлерді жиі ұйымдастырады деген ойдамын. Ұйымдастырған ҚР арқан тартыс федерациясына және ұлттық спорт қорына алғыс шексіз, - дейді турнирдің бас төрешісі Жандос Қоныспаев.
Жеңімпаздар мен жүлдегердер ҚР арқан тартыс федерациясының атынан жүлделі марапат пен кубокқа ие болды. Алтын жүлде иеленгендер 500 мың теңге алса, күміс жүлдеге 300 мың теңге, ал қола жүлдеге ие болғандар 200 мың теңге сыйақы алды.
5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейінгі арқан тартыстан өтіп тұрған ең ірі турнир осы болды. Командалардың барлығы өте жақсы дайындықпен келген. Әсіресе Шығыс пен Батыс Қазақстан облыстарының құрамалары ерекше көзге түсті. Алдағы уақытта арқан тартыстан өтетін халықаралық жарыстарға да шығу ойда бар. Арқан тартыстың болашағы жарқын, жоспарымыз көп, - деді Қазақстан Республикасы арқан тартыс федерациясының президенті Еркебұлан Ильясов.