Мемлекет басшысы Ресейдің Сыртқы істер министрін қабылдады
Қазақстан Президенті Астанаға жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті
Отырыс барысында Ресей Президентінің Қазақстанға жоспарланған мемлекеттік сапарына дайындық мәселесіне айрықша мән берілді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Сергей Лавров Ресей мен Қазақстанның көпжақты ықпалдастығы, соның ішінде алдағы сапардың күн тәртібі үкіметтер мен сыртқы саясат ведомстволары арасында егжей-тегжейлі пысықталып жатқанын жеткізді.
Біз алдағы сапарға тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Бұл мемлекетаралық байланыстардағы айтулы оқиға болады деп санаймыз. Екі елдің ынтымақтастығы үлгі тұтарлықтай және қарқынды дамып келеді. Бұл сапар стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынасқа тың серпін береді, – деді Президент.
Ресей Сыртқы істер министрі Астанада Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының 80 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Аталған жиын дипломатиялық ортада және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланған.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сергей Лавров өңірлік және халықаралық күн тәртібі, сондай-ақ көпжақты құрылымдар мен интеграциялық бірлестіктер аясындағы әріптестіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.