Сенбі-жексенбі күні картамен төлем, аударым жасалмайтыны рас па?
Ұлттық банк мессенджерлер арқылы келіп жатқан хабарламаға қатысты түсінік берді
Мессенджерлерде 9-10 қарашада ISO халықаралық төлем хабарламаларының форматын енгізуге байланысты барлық банк бойынша төлемдер мен аударымдар жұмыс істемейтіні туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Хабарламада сол үшін де бұл күндері халықта қолма-қол ақша болуы керектігі айтылады.
Анықталғандай, Қазақстан Ұлттық Банкі екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, елдің төлем жүйелеріне ISO 20022 халықаралық төлем хабарламалары форматын енгізіп жатыр. Бірақ бұл жұмыстардың карточкалармен жасалатын төлемдерге еш қатысы жоқ.
Халықтың төлем карталары, QR-кодтар, мобильді аударымдар, банкоматтардан қолма-қол ақша алу, ұялы байланыс төлемдері және басқа да төлемдер өзгеріссіз қалады, - деп мәлімдеді ҚР Ұлттық банкі. - Сонымен қатар, ақпарат жүйелерін баптау қажет болғандықтан, банктер техникалық жұмыстар жүргізеді. Сондай кезде банкаралық қызмет көрсетуге байланысты төлемдерді қабылдау кестесінде қысқа мерзімді өзгерістер болуы мүмкін (қаржы ұйымдары ISO 20022-ні енгізетін демалыс күндерінде). Қаржы мекемелері қазір клиенттерін жаңа стандартқа көшуге байланысты техникалық жұмыстар жүргізілетін уақыт туралы алдын ала хабардар етіп жатыр. Бұл жұмыстар 2024 жылғы қарашаның аяғына дейін жүзеге асырылады.
Айта кетейік, ISO 20022 – электронды хабарлама алмасатын әлемдік стандарт. Ол қаржы ұйымдары арасындағы бизнес-процестерді автоматтандыру үшін жасалған. Бұл стандартқа көшу нарық қатысушыларына ISO 20022 негізінде жүзеге асырылатын жаңа шешімдерге қол жеткізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ банк операцияларын жүргізу кезінде төлем хабарламаларын алмасудың біріздендірілген моделін қолдану арқылы барлық тараптың шығынын азайтады.