Алматыда ШҚО-ның ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді
Екі күнге созылатын жәрмеңкеде ШҚО-ның 7 ауданының өндірушілері өз өнімдерін ұсынады
Жәрмеңке осы сенбі-жексенбі, яғни 2-3 қараша күндері өтеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл жәрмеңке Алматы қаласы әкімдігінің шақыруы негізінде өткізілмек. Оған Шығыс Қазақстан облысының 7 ауданы (Алтай, Глубокое, Катонқарағай, Ұлан, Үлкен Нарын, Самар және Шемонаиха) және Өскемен қаласының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындары қатысады.
Сәтбаев көшесінде (Уәлиханов және Достық көшелерінің арасында) орналасатын жәрмеңке екі күн бойы, сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін жалғасады.
ШҚО ауыл шаруашылығы өндірушілері мен қайта өңдеу кәсіпорындары Алматы қаласының тұрғындарына экологиялық таза, сапалы және табиғи өнімдердің кең ассортиментін ұсынбақ. 20-дан астам өнім түрі нарыққа шығарылып, жалпы құны 120 млн теңгеден асатын 50 тонна ауыл шаруашылығы өнімі қолжетімді болады. Оның ішінде: 4 тонна ет өнімдері; 28,6 тонна бал; 7 тонна күнбағыс майы; 2 тонна сүт өнімдері; 4 тонна құс еті; 1 тонна балық өнімі; 2 тонна бидай ұны; 2,6 тонна ұлттық тағамдар, қымыз және панта өнімдері.
Жәрмеңкеде ұсынылатын өнімдердің барлығы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келеді. Әрбір сатушы өнімдерінің шығу тегі мен сапасын растайтын құжаттармен қамтамасыз етіледі.