Бірнеше адам Қазақстанның халық жазушысы мен халық әртісі атақтарын алды
Республика күніне орай Мемлекет басшысының бұйрығымен бірнеше саланың үздіктері мемлекеттік наградаларға ие болды
Соның ішінде былтырдан бері 24 жыл үзілістен кейін "Қазақстанның халық жазушысы" атағы қайта беріле бастаған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ақорданың баспасөз қызметі ақпаратына сүйенсек, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, ақын-жазушылар Темірхан Медетбек, Исраил Сапарбай және Валерий Михайлов "Қазақстанның халық жазушысы" атағына ие болды.
Айта кетейік, былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда "Қазақстанның халық жазушысы" атағын қайтару жөнінде тапсырма берген болатын. Ол кезде бұл атаққа Төлен Әбдікұлы, Смағұл Елубай, Бексұлтан Нұржекеев, Софы Сматаев, Ахметжан Аширов, Любовь Шашкова лайық деп танылған.
Сондай-ақ, Республика күніне орай "Қазақстанның халық әртісі" құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері: театр және кино актерлері К. Жұмабековке, Л. Кәденге, О. Коржеваға, И. Лебсакқа, Р. Махпироваға, Г. Шынтемірге және Ә. Ыдырышевқа, опера әншілері М. Мұхамедқызы мен Ж. Баспақоваға, дирижер А. Мұхитдинов пен күйші С. Тұрысбекке, сондай-ақ белгілі әнші М. Ілиясоваға берілді.
Одан өзге, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы 2024 жылғы мемлекеттік сыйлығын беру туралы Жарлыққа қол қойды.
Мемлекеттік сыйлық ақын Нұржан Светқалиға – "Көкірегім көне кітап" жыр кітабы үшін; жазушы Ергөбек Құлбек Сәрсенұлына – "Адамның бір қызығы бала деген" кітабы үшін; авторлық ұжым Бапанов Әлібай Қалтайұлы мен Бапанова Сәуле Сыздыққызына – "Көшпенді фрескалар" киізден бастырылған паннолары топтамасы мен "Әлем өрнектері" гобелендер топтамасы үшін; суретші Мүсәпір Жанұзақ Керімбекұлына – "Балалықтан даналыққа жол" топтамалар жинағы үшін берілді.