Қазақстандық Паралимпиада жүлдегерлері мен бапкерлеріне мемлекеттік награда табысталды
Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған параспортшыларға мемлекеттік марапаттар табысталды
Президент Париж қаласында өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарының жүлдегерлерін және бапкерлерді мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойған болатын, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бүгін ҚР премьер-министрлі мемлекеттік наградаларды табыстады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Қазақстанның Паралимпиада құрамасы 9 медаль жеңіп алып, тарихи рекорд орнатты. Атап айтқанда: 2 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль алды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, паралимпиада спортшыларының жеңістері – қашанда мақсатқа ұмтылудың, табандылық пен өз күшіне сенімнің үлгісі. Ойындар қарсаңындағы кездесуімізден кейін бүкіл ел байрақты бәсекеде көрсеткен әрбір ойындарыңызды тамашалады, сіздердің жетістіктеріңіз біз үшін ерекше мақтаныш болды. Жыл өткен сайын ерекше жандардың спортқа қатысуы артып келе жатқаны бізді қуантады. Бүгінде елімізде ерекше қажеттіліктері бар 56 мыңнан астам қазақстандық дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысады. Сіздердің әрқайсыларыңыздың көрсеткен үлгілеріңіз көптеген адамды біздің паралимпиадашылар қатарына қосылуға ынталы ететініне сенімдімін. Үкімет спортшыларға қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсету жұмыстарын күшейтуде, - деп атап өтті Премьер-Министр.
Өз кезегінде паралимпиада спортшылары жарыс кезінде қолдау көрсеткені үшін Қазақстан халқына алғыстарын білдірді.
Мен Мемлекет басшысына және бүкіл Қазақстан халқына қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді. Парижде өткен Паралимпиада ойындарында еліміздің намысын қорғау мен үшін үлкен мақтаныш сезімін тудырды. Біз Паралимпиада ойындарында жүлде жеңіп алу үшін көп еңбек еттік, біздің бапкерлеріміз жеңіске жету үшін бар шеберлігін салды. Мен еліміздің алғашқы екі дүркін Паралимпиада чемпионы болғаныма, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға үлес қоса алғаныма қуаныштымын. Алдымызда жаңа жеңістерге жету жолында үлкен жұмыс күтіп тұр. Біз мұнымен тоқтап қалмай, еліміздің игілігі үшін еңбек ете береміз, - деді пара пауэрлифтингтен екі дүркін Паралимпиада чемпионы Давид Дегтярев.
Алтын медаль иегерлері Дегтярев Давид Мамиевич І дәрежелі «Барыс» орденімен, Науатбек Ақмарал Маратқызы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды.
Күміс медальға қол жеткізген Ғаббасов Еркін Тілеуғабылұлы, Жұмағали Нұрдәулет Мақсұтұлы және Шәмей Ерғали «Парасат» орденінің кавалерлері атанды.
«Құрмет» орденімен Паралимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Мұқашбеков Дастан Мұратұлы, Райфова Зарина Райфқызы, Федосова Даяна Владимировна және Шүкірбеков Жұрқамырза Бақытұлы марапатталды.
Ұлттық құрама бас бапкерлері мен спортшылардың жеке жаттықтырушыларының арасынан 5 азаматқа «Парасат» ордені, 7 адамға «Құрмет» ордені берілді. Сонымен қатар, екі жаттықтырушы Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен наградталды.
Бүгін Мемлекет басшысының жарлығымен ІІІ дәрежелі Барыс орденімен марапатталдым, өте қуаныштымын. Біз Паралимпиада ойындарында әлемнің ең мықты спортшыларымен күш сынасып, Отанымызға пара дзюдодан тарихи алтынмен оралғаныма қуаншыштымын. Мемлекет тарапынан пара спортшыларға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі біздің жетістігіміз мүмкіндігі шектеулі жандарды жігерлендірді деп ойлаймын. Болашақта Қазақстан республикасының атын шығаруға болашақ чемпиондар біздің жолымызды жалғастыратынына сенемін, - деді пара дзюдодан алтын медаль иегері Ақмарал Науатбек.