Қазақстанда колледждер базасында шағын кәсіпорындар құрылуда
Бұл кәсіпорындар студенттердің кәсіпкерлік, бизнес-жоспарлау және стартап жобаларды дамыту бойынша білім алуына жағдай жасамақ
Енді колледждер өз базасында шығарған тауарлар мен қызметтерден табыс таба алады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Студенттер жиһаз жасау, тігін тігу, кондитерлік және нан-тоқаш өнімдерін пісіру секілді кәсіптерді игере отырып, оны кіріс көзіне айналдыру дағдыларын да меңгереді.
Бұл кәсіпорындар студенттерге түрлі кәсіби дағдыларды игеруге, оның ішінде коммуникация құруға, жобаларды басқаруға, маркетинг және қаржы бойынша білім алуға мүмкіндік береді және олардың алған білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді. Шағын кәсіпорындар есебінен түскен қаражат оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады, бұл олардың дамуына және білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді, - деп атап өтті Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.
Қазіргі уақытта ТжКБ ұйымдары базасында 26 шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 14 жаңа кәсіпорын ашу жоспарлануда.