Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Газета Газета
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Мәніс білім мен әдіс білімді қатар ұстанған ғалым

Биыл Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Оразбаева Фаузия Шәмсиқызы 70 жасқа толды

Фаузия апайдың аты аталған кезде, ең алдымен, өзіміздің Шығыстан шыққан ғалым жерлесіміз деп мақтанамыз. "Ш.Уәлиханов атындағы І дәрежелі сыйлықтың лауреаты", "ҚР Білім және ғылыми министрлігінің "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" мемлекеттік грантының екі мәрте иегері", Педагогика ғылымдары Халықаралық академиясының академигі" деген Алланың сүйген құлының басына үйіп-төгіп бере салған жетістіктері мен марапаттарының қатарында 1999, 2005, 2011, 2015 жылдары қатарынан төрт мәрте Қазақстан Республикасының Президентіне үміткерлерден мемлекеттік тілден емтихан алушы "Лингвистикалық комиссиясының" хатшысы болғанын да атап өтер болсақ, біз сөз еткелі отырған адамның ерекше тұлға екенін айқын аңғаруға болады.

Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданы Көкжыра ауылының тумасы, Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби ат. ҚазҰУ) филология факультетінің түлегі Фаузия Оразбаева ұзақ жылдар бойы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проекторы, филология факультетінің деканы қызметтерін атқарып, соңғы жиырма жылға тарта уақыт аралығында қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі және ғылым кандидаттары мен докторларын дайындайтын ғылыми кеңестің төрағасы қызметтерін қатар атқаруынан абыройлы қоғам қайраткерінің ерен еңбегін танимыз. Осы еңбектерінің еленуін ұстаздың "Ерен еңбегі үшін" медалімен (2003), "ҚР-ның жоғары оқу орындарының белгілі ғалымы және педагогы" (2005), (ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкер» деген атақтармен марапатталуынан көреміз.

Фаузия Оразбаева 1990 жылдардан бастап қазақ тіл біліміндегі тілдік қатынас жайлы зерттеулерін тереңдете жүргізіп келіп, 1996 жылы "Тілдік қатынас пен қатысым әдісінің ғылыми-теориялық негіздері" деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Теоретик-әдіскер ғалымның бұл зерттеуі - қазақ тіл біліміндегі тілдік қатынас теориясының ғылыми негіздерін қалаумен қатар тұңғыш рет «тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзіне асыратын» қатысымдық (коммуникативтік) әдістің әдіснамасын ұсынған еңбек болды. Осы зерттеуінде ғалым Ахмет Байтұрсынұлынан басап, Шәкәрім Құдайбердіұлына дейінгі қазақ зиялыларының қазақ тілін оқыту әдістемесі іліміне қосқан үлестерін орынды атап көрсетті.

Қазақ тілін екінші тіл ретінде үйрету әдістемесі кенжелеп дамып, құрылымдық, аударма-грамматикалық бағыттан аса алмай келген кеңес дәуірінде осы мәселенің өзектілігіне көңіл аударып, теориялық ізденістерін антропоөзектік бағытқа қарай бұрып, тілдің басты коммуникативтік қызметін жаңаша тұрғыда зерттеген ғалым Ф. Оразбаева мұнымен де шектеліп қалмай, өзі теориясын қалыптастырған қазақ тіл білімінің жаңа саласы – тілдік қатынастың әдістемелік теориясы мен қатысым әдісі арқылы қазақ тілін оқытудың да негізін қалады.

Қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің негізін қалаушы А. Байтұрсынұлы өзінің бұдан бір ғасыр бұрын жазылған «Баулу мектебі" атты мақаласында: "Əдіссіз тек мəніс білім – өлі білім. Тіршілік – тірлік шарасы. Тірлік шарасына үйрететін білім тірі білім болуы керек. Ондай білімді адам мəніс білімі мен əдіс білімін қатар үйренгенде білмек", - деп жазады. Бүгінгінің тілімен айтсақ, осы жердегі мәніс білім дегені – теориялық білім де, әдіс білімі – практикалық білім болып шығады. Сондай-ақ, мәніс білім беруді танымдық (когнитивтік) бағдарлы оқыту, ал әдіс білім беруді қатысымдық (коммуникативтік) бағдарлы оқыту деп қарастырсақ та дұрыс болмақ.

Академик Фаузия Оразбаеваның ғылыми еңбектерін саралай келе, осы А. Байтұрсынұлы айтып кеткен «мәніс білім" мен "әдіс білімді" қатар ұстанғанын айқын көреміз. Ғалымның лингвистика мен әдістеме сынды екі ғылым арнасын бір жерге тоғыстырған зерттеу еңбегі А. Байтұрсынұлы атап көрсеткен "мәніс білім" мен "әдіс білімнің" бір жерге қатар келуінің жарқын үлгісі бола алды. Ф. Оразбаева өзінің осы зерттеуі арқылы дидактиканың басты ұстанымы – теорияның практикамен байланысын көрсетіп, іс жүзінде жүзеге асырған ғалым болды.

Тілдің "барлық ерекшеліктерінің ішіндегі ең маңыздысы және бастысы" саналатын "қатысымдық қызметі" Ахаң айтқан "тірлік шарасына" жұмсалады. Олай болса, тілдің осындай ерекше қызметі жайлы білім құрғақ сөз - "мәніс білім" дәрежесінде қалып қоймауы керек екенін, оны өмірде қолданудың "әдіс білімі" де қатар ұсынылуы керек екенін көрегендікпен болжады, жан-жақты зерттеп, айтылым, жазылым, оқылым, тыңдалым, тілдесім үдерістерінің сөйлеу және ойлау механизмдеріне байланысты аспектілерінің әдістемелік жүйесін қалады.

Ғалым Ф.Оразбаеваның қатысымдық бағдарлы оқытудың мәні мен маңызын жоғары көтере отырып, дәстүрлі әдістемеден бері келе жатқан тілді танымдық бағдарлы оқытуды да қолдайтынын көптеген ғылыми зерттеу еңбектерінен анық көреміз. Танымдық бағдарлы оқыту тіл үйренушіге ұсынылатын тілдік және сөйлесімдік бірліктері арқылы сол тілді қолданушы елді, халықты, ұлтты, оның материалдық және рухани байлығын танытуды көздейді. Қазақ тілін оқыту сабақтарында елтанымдық, ұлттанымдық деректерді қатысымдық әдіс арқылы тартымды, қызықты етіп ұсыну мақсаты қойылады. Бұл тұста тамаша елтанымдық мәтіндер мен қатысымдық тапсырмаларды қамтыған Ф. Оразбаеваның авторлығымен жазылған студенттер мен мектеп оқушыларына арналған көптеген оқу-әдістемелік кешендерді, оқулықтар мен оқу құралдарын, жаттығулар жинақтарын атап өтуге болады.

А. Байтұрсынұлы: "Әдіс – керекшіліктен шығатын нәрсе. Әдістің жақсы-жаман болмағы жұмсалатын орнының керек қылуына қарай", - деген болатын. Тілші-әдіскер ғалым Ф. Оразбаева қатысым әдісін қазақ тілін үйрету жүйесіне пәрменді өзгерістер енгізу аса қажет болып отырған дер кезінде ұсынды. Ф. Оразбаева қалыптастырған ғылыми-әдістемелік мектепте қазақ тілін әрі қатысымдық, әрі танымдық бағдарлы оқыту мәселелері жан-жақты зерттелуде. Қазақ тілін қатысымдық-танымдық тұрғыдан оқыту мәселесі бойынша Ф. Оразбаеваның жетекшілігімен көптеген докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды. Ұстаз ілімін жалғастырған еңбектерде қазақ тілін үйретуде қатысымдық-танымдық бағдарлы оқыту технологиясын дамыта отырып, лексикалық бірліктерді танымдық бағдарлы оқыту, сөйлесім мәтіндерін меңгерту тапсырмаларын қатысымдық бағдарлы құру мәселелері тереңнен зерттеліп, оқу үдерісіне енгізіліп, тиімділігі дәлелденуде.

Фаузия Оразбаева туралы сөз еткен кезде, ғалымдығы мен ұстаздығының қатарында ақиық ақын, сырлы ақын, ойлы ақын – Нұрлан Оразалин сынды ардақты азаматтың асыл қосағы, үбірлі-шүбірлі отбасының ұйытқысы екендігін де, әріптестері мен шәкірттері ерекше ілтипатпен атап айтатын биязы да парасатты мінезі, адамдық болмысы, дархан даналығы, мәдениеттің ең жоғары сатысындағы қарапайымдылығы, ақ пейілі мен қашанда қамқоршы көңілі жайлы да айта кету қажет.

Сөз соңында ұлағатты ұстазымызды мерейойымен құттықтай отырып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін асқақтату жолында атқарып келе жатқан ерен еңбегіне жеміс, деніне саулық тілеймін.

Құрманбаева Ш.Қ.

П.ғ.д., Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ профессоры

Нұр-Сұлтан қ.


Следующая →
Тақырыптар: Білім Ғылым Құрмет