Оңтүстіктен шығысқа келгендердің жағдайы қалай?
Өткен жылдан бері өз өңірін тастап, шығысқа қоныс аударғандар саны мыңға жуықтады
Жабылу алдында тұрған мектептер мен бос қалған ауылдар мәселесі негізінде 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бекітіліп, облыстағы аудандарға еңбек күші артық өңірден ерікті түрде отбасылар коныстана бастады. Дегенмен қанша отбасының қоныс аударғаны жайында айтылса да, қанша халық көшіріліп, қаншауы сонда тұрақтап қалғаны туралы қорытынды мәліметтер жоқтың-қасы. Мониторинг жергілікті әкімдік ұсынған мәліметтер негізінде ғана жасалады екен. Ауданнан жалған дерек беріліп, қағаз жүзінде жұмыспен қамтылған азаматтың, шын мәнінде жұмыссыз жүргені анықталған мысалдар тіркелмейтіні өкінішті-ақ.
2017 жылы оңтүстіктен 357 адам (128 отбасы) шығысқа қоныс аударса, 2018 жылы бұл көрсеткіш шамамен 2 есеге артып, 578 адам (188 отбасы) қоныс аударды. Көшетін отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК көлемінде көшу шығындарына өтемақы төленіп, бір жыл бойы тұрғын үй жалдауға 16-30 АЕК көлемінде ақша берілді.
Жұмыссыз жүрдім…
Айбол Нұрбекұлы - Қызылорда облысының тумасы. Өз ауылында фельдшер мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, массаждық қызметте нәпақасын тауып жүрген. Тек осы жылдың шілде айында Айбол жергілікті Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының көмегіне жүгінген. Шығысқа көшу туралы ұсынысты да алғаш рет сол жерде естіген. Сондықтан басқарма қызметкерлерінің шығыстағы мол мүмкіндіктер жөніндегі әңгімесі көңілге қонып, уәдеге сеніп, өз қаражатына ШҚО-ның Риддер қаласына көшіп барған.
- Қазіргі таңда жұбайыммен бірге Риддер қалалық ауруханасында терапия бөлімінде қызмет атқарып жатырмыз. Әйелім де медбике мамандығын бітірген. Бағдарлама бойынша жаңа жерде берілетін тұрғын үй мен тұрақты жұмысқа қызықтым. Оның үстіне баламыз бар. Ал Қызылордада өз баспанам болмаған. Осы жылдың тамыз айында келдік. 2 бөлмелі пәтерді жалға алуға мүмкіндік берді. Қазір сол пәтерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - деген Айбол Нұрбекұлы жаңа жер, жаңа ортада барлығы ұнайтынын айтады.
Ал Айнұр Бүркітбаева есімді Қызылорда облысының Жаңақорған ауданының тұрғыны 2016 жылы Риддер қаласына қоныс аударып,қала мектептерінің біріне биология пәнінің мұғалімі ретінде орналасады. Қазіргі таңда ол Риддер қаласындағы "Шаңырақ" көпсалалы мектеп-гимназиясының директоры лауазымына тағайындалып отыр.
Ауылдан-ауылға. Не өзгереді?
Қазір "жұмыс" тауып береміз дегеннің өзінде, көшуге ынта білдіргендердің қатары әлі де аз. Соның бір себебі - инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді ұсынбау. Өйткені аймақ ауысқанымен, оңтүстік тұрғындарын инфрақұрылымдық деңгейі туған жерінен ерекшеленбейтін ортаға қайта көшеді. Бұл мәселені ШҚО әкімі Даниал Ахметов те қазанның айында облыстық әкімдіктің отырысында қозғап, бірқатар әкімдерді сынға алған болатын.
- Аймаққа шақырмас бұрын және республикалық бюджетті күтпес бұрын қоныстанушыларға жағдай жасауымыз керек. Мен барлық аудан әкімдеріне бос үйлердің саны мен оны жөндеуге кететін қаражаттың нақты сомасын және бос жатқан шарушылық жерлердің көлемін анықтауды тапсырғанмын. Тапсырма қайда? Әлде мені ұмтытып кетті деп ойладыңыздар ма? Келесі отырысқа дейін әрбір аудан туралы ақпарат алдымда жатпаса, өзім осы мәселемен айналысатын боламын. Тарбағатай әкімі Өзбекстандағы бауырларымызды шақырып, оларға жер берді. Жермен қоса, су тартып берді. Берілген баспаналары онша емес болса да, қоныстанушылар өздері жөндеп алды. Ал қазір олар ауданда бұрын екпеген картоп түрлерін, қауын-қарбыз, тұз егіп, жергілікті тұрғындарға үлгі көрсетіп жатыр. Неге дәл солай жұмыс жасамайсыңдар? - деген аймақ басшысы Даниал Ахметов Өзбекстандағы қандастарымызды Шығысқа қоныстандырған Тарбағатай әкімі Ділдәбек Оразбаевты керісінше барлық аудан әкімдеріне үлгі етті.
Осы бағдарламаның аясында және бөлінген квотаны орындау үшін өткен жылдың қазан айының соңында Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов бастаған аудан өкілдері Қызылорда облысы Арал ауданына іссапармен Арал ауданындағы Қарақұм ауылдық округінің Абай елді мекенінде, Жіңішкеқұм ауылдық округінің Тоқабай елді мекенінде, Аманөткел мен Бөген ауылдық округінің, Октябрь ауылдық округіне қарасты Шижаға елді мекендерінде болып, тұрғындармен, жұмыссыздармен кездесті.
Қоныс аударғандарға қандай мүмкіндік беріліп отыр?
- Бағдарламаға қатысушы отбасыға, оның ішінде отбасының әрбір мүшесінің көшуіне бір рет 35 АЕК материалдық көмек беріледі. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы толыққанды отбасылар немесе толыққанды емес отбасыларға да (жалғысбасты ана немесе әкелерге) 12 ай бойы ай сайын тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін материалдық көмек көрсетіледі, - дейді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова.
Елена Старенкованың айтуынша, қоныс аударушылардың барлығы осы аймақта тұрақтап қалған. Осылайша көшіп келген отбасылардың қалу туралы нақты шешімі қабылданғаннан кейін, құжаттар тапсырылып, квотаға кезекке қойылып, аудандық жұмыспен қамту бөлімдерінде әлеуметтік келісімшарт түзіледі. Бағдарлама бойынша азамат 6 ай бойы сол жерде тұруы керек. Алты айдан кейін көшіп кетсе, ақшаны қайтармайды.
Ал қайтарымсыз гранттың көлемі 100 АЕК (240 500 тг) деп белгіленіп отыр. Қазір оның жүзеге асу механизмдері қарастырылып жатыр. Одан бөлек, жергілікті кәсіпкерлер әдетте көшіп келген тұрғындарға техника, тұрғын үймен көмектесіп, бастаған кәсібіне қолғабыс етіп, қолдау көрсетеді. Жерін жыртып берген, тұқым сатып алып берген мысалдар көп. Биылдан бастап, 5 азаматты жұмыспен қамтыған кәсіпкер әр қызметкері үшін 450 АЕК (1 млн 250 мың теңге) көлемінде субсидия алады. Бұрындары жұмыс берушілер оңтүстікке барып, азаматтарды көшіріп әкеліп, жұмыс бергені үшін ештеңе алмайтын. Бағдарламаға енгізілген бұл жаңалықтың әлі ережесі толығымен бекітілмеді. Жалақы мөлшері, жұмыспен қамтылу ұзақтығы сияқты мәселелер сол ережеге енетін болады.
- Адамдар кейде ұсынылған жұмыстан бас тартып, "несие алып, жеке кәсіп ашамын" деп айтады. "Мал алайын деп едім, несие алайын деп едім" дейді. Оларда кепілдеме жоқ. Сатып алған үйлері де үлкен сомаға бағаланбайды. Соңғы жылдары "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасы аясында жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін қайтарымсыз негізде берілетін гранттар деген жаңашылдық бар, - деді Ұлан ауданының жұмыспен қамту орталығының маманы Индира Мұхамеджанова.
Дегенмен, бұрын көріп-білмеген жерге барып, өз кәсібін дөңгелетіп жүргендерде баршылық екенін байқадық. Мысалы, Айнұр Бегенай 2018 жылы маусым айында Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Қарабұлақ елді-мекенінен Ұлан ауданына қоныс аударған. Қоныс аударушы кәсіп ашуға грант алып, тоқаш-нан өнімдерін, торт сатумен айналысатын кәсіп ашқан.
- Ұлан ауданына отбасыммен көшіп келдім. 3 балам бар. Ұлым Өскеменде әскердегі борышын өтеп, 3 жыл мерзімді жұмысқа тұрды. Отбасымыз бір жерде болайық деп көшіп келдік. Барлығы жақсы, жер алып, үй салу жоспарда бар. Талдықорғанда аспазшы болып жұмыс істегенмін, сол мамандықты бітіргенмін. Осы бағдарлама арқылы грант алып, нан өнімдерін сататын дүкен аштым. Жақын арада іске қосамын. Дос-жаран, туыстар да бұл бағдарламаның тиімділігін көріп, көктемде келеміз деп отыр. Барлық субсидияларды алдық. Тек күйеуім қазір жұмыссыз, сол қиын болып тұр, - дейді Талдықорғаннан келген Айнұр Бегенай.
Шығысқа көшіп келгендеріне жарты жыл болған берекелі отбасы қиындық көрмепті. Тек үй, квота ғана емес, отын-көмір, азық-түлік жағынан да жәрдем көп болыпты.
Ал қыркүйек айында Жамбыл облысы Тараз қаласы, Айша бибі ауылынан Риддер қаласына қоныс аударған Мирас Асанбеков қақталған тауық сатып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Бұдан кейін ол "Бастау" жобасы бойынша оқып, "Куры-гриль" дүңгіршегіне жабдық алуға бизнес-жоспар құрған. Нәтижесінде 100 АЕК-ке тең келетін мемлекетттік қайтарымсыз қаржыландыруға қол жеткізеді. Бұл қаражатты жабдық алуға жұмсау арқылы ай сайын кететін шығындар көлемі азайған.- Отбасыммен Тараздан келгеніме 3 ай болды. 4 балам бар. Жұбайым Әйгерім Риддердегі №2 мектепке мұғалім мамандығы бойынша жұмысқа тұрды. Өзім "Мирас" жеке кәсіпкерлігін ашқанмын. Енді қалада "Куры-гриль" жылдам тауық тағамын әзірлеймін. Бүгінде дүңгіршектер сұранысқа ие. Мұндай бизнестің дәстүрлі қоғамдық тамақтанудан бірқатар артықшылығы бар. Оған бастапқы жарна аз кетеді. Көлемді дәмхана ашуға қомақты сомада қаражат керек болса, дүңгіршек ашуға шығын екі есе аз кетеді, - дейді экс-тараздық Мирас Асанбеков.
Бұл біз келтірген 3-4 мысал ғана. Демек, "Оңтүстіктен - Шығысқа" бағдарламасының ішкі еңбек нарығын реттеудегі, еңбек мигранттарын ынталандырудағы экономикалық ықпалы өте зор деген сөз. Оңтүстікте тұрғын үй, жер мәселесі қиын болғаннан әрі шығыста қаншама гектар жер бос жатқаннан кейін мұндағы жұмыспен қамту басқармасы үгіт-насихат жүргізіп, "жер игересіз, мал шаруашылығын қолға аласыз" деп жатыр екен. Гранттардан бөлек, қоныс аударушылар ешқандай байқаусыз 5 гектарға дейін конкурссыз жер ала алады. Егер шаруа қожалығын ашатын болса, конкурсқа қатысып, игерілмей жатқан жерді игеруге мүмкіндігі бар.