Өскемен
малооблачно
-13°
  • Өскемен
    -13°
  • Алматы
    +2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    +1°
  • Қарағанды
    -3°
  • Көкшетау
    -9°
  • Қостанай
    -7°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -9°
  • Тараз
    -3°
  • Туркестан
    +1°
  • Шымкент
    +3°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Газета Газета Назерке Қайролданова
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Шығыста жігіттердің сұлтаны анықталды

Көкпекті ауданында қазақтың ұлттық дәстүрін жандандырған, елдің рухын көтеріп, өнері мен білегін сынаған, Толағай тауының баурайында дүйім жұрт болып тамашалаған "Жігіт сұлтаны-2018" байқауының облыстық кезеңі өтті

Қарт Қалба тауларынан бас­талып, шежірелі Зайсан көліне дейінгі жерді алып жатқан Көкпекті - қазыналы жер ғана емес, сонымен қатар тарихы қатпарлы өлке. Атам заманда Абылай "Толағай" түбінде шатыр тігіп кеңес шақырған, атақты Қабанбай, Райымбек батырлардың ізі қалған да осы жер. Ауыл адамдары Көкпекті жеріне П. Семенов-Тянь-Шаньский мен Шоқан Уәлиханов та ат басын бұрған деседі. Осы "жеті жұрт келіп, жеті жұрт көшкен" сайын далада 12 өңірдің сұлтандары бас қосты. Ұлағатты шараны аудан әкімдігі және облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы "Жастар ресурстық орталығы" ұйымдастырды.

- Қанымызға сіңген ұлттық спорт пен салт-санамызды жаңғырту мақсатындағы байқау облыста екінші рет өткізіліп отыр. Былтыр "Жігіттің сұлтанын" Абай ауданында анықтасақ, биыл көсегесі көгерген, батырлар мекені - Көкпекті ауданында өтіп жатыр. Келер жылы байқау "Толағай" атымен байланыстырылып республикалық көлемде өтуі мүмкін, - деді ШҚО Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айдар Садырбаев.

Аймақтың 12 ауданынан келген "сен тұр, мен атайын" жігіттері бірінші кезеңде теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, қол күресінен бақ сынасты. Теңге ілу сайысында ешбір жігіт жердегі теңгені іле алмаса да Зай­сан, Күршім, Абай, Көкпекті жігіттерінің өнері талап үдесіне жақын болды. Келесі аударыспақ кезеңі тартысқа толы өтті. Ақтық сында тарбағатайлық Абзал Бекбаев пен күршімдік Ерасыл Ахметов кездесті. Бұл ­додада Абзалдың "қарсыласының аяғын үзеңгіден шығарып жіберу" қулығы аспады. Себебі Абзал "аттан аяғын шығарып, қарсыласын құлаттым" деп сенсе керек, жеңісіне масаттанып атынан ытқып түскені сол еді, Ерасылдың аяғы жерге тимегенін төреші хабарлады. Нәтижесінде, күршімдік Ерасыл жеңіске жетті.

- Ат үстінде ойнап өскен қазақтың баласы болғаннан кейін сайыстар қиынға соққан жоқ. Абай, Тарбағатай ауданының жігіттері мықты бәсекелес. Мінген атым Көкпектідегі ат-спорт мектебіндегі Қанат Бихатов ағамыздың баптаған Бөдене деген аты. Бөгде болса да, осы Бөдененің көп көмегі тиді, - дейді сайысқа қатысушы, Күршім ауылдық аппаратында спорт нұсқаушы қызметін атқаратын Ерасыл Ахметов.

Сұлтандар сайыста сыналып жатқанда, шараның сыртына "Аламан бәйге", "Тай жарысы", "Тазылар көрмесі", "Бұқа тартыс", "Қой көтеру" сияқты ұлттық ойындардарымыз дәріптеліп, боз балалар мен ересектер жарысып, мықтылары анықталып жатты. Үздіктерге тай мінгізіп, тоңазытқыш, пеш сияқты үй жиһаздарын сыйға тартты.

- Мұндай ауқымды шаралар легі ауылымызда бірінші рет өткізіліп жатыр. Ерлердің барын көріп, өз басым, қуанып отырмын. Осындай қуанышты сыйлаған ұйымдастырушыларға рахмет. Тіпті, қазақты қойып, орыс ұлтының өкілдері де шараға келіп, қазақтың төл өнері мен дәстүрін тамашалады, - дейді Көкпекті ауылының тұрғыны, ақсақал Мақсұт Баймұханбетов.

"Жігіт сұлтаны" байқауының екінші кезеңі аудандық Мәдениет үйінде қорытындыланды. Сонымен үшінші орын Ерасыл Ахметовке (Күршім ауданы), екінші орын Рауан Сахановқа (Зайсан ауданы) бұйырды. Ал байқаудың бірінші орнын Көкпекті ауданы, Тассай аулының тумасы - Саяхат Тұрлыбеков иеленді. Саяхат бұл сайыста "жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек" екендігін танытты. Ал жігіттің сұлтаны мен сырттаны деген атақты білекті де жүректі, сөзі мірдің оғындай абайлық Айдос Үркімбаев иеленді. "Жігіт сұлтаны-2018" байқауының бас жүлдегері Айдосқа ұйымдастырушылар ат мінгізіп, шапан жапты. Басқа қатысушыларға да бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Следующая →