Өскемен
ясно
+6°
  • Өскемен
    +6°
  • Алматы
    +17°
  • Астана
    +4°
  • Ақтөбе
    +4°
  • Актау
    +9°
  • Орал
    +6°
  • Қарағанды
    +5°
  • Көкшетау
    +5°
  • Қостанай
    +5°
  • Қызылорда
    +14°
  • Павлодар
    +6°
  • Петропавловск
    +3°
  • Тараз
    +15°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +17°
$
449.58
-0.49
486.94
-1.57
¥
62.22
-0.13
4.86
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Газета Газета Назерке Қайролданова
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Өмірін шахтаға арнаған кенші

Иә, заманымызда өзінің тұла бойына біткен адамгершілік, ізгілік қасиеттерімен дараланып, бар күш-қайратын еңбекке арнайтын нағыз ер тұлғалы, еңбек десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар өте көп

Осы қара жұмыстың арқасында көпшілігі алғысқа, жақсы марапатқа бөленеді. Біз бүгін әңгіме еткелі отырған Мұхаметрахим Сәменұлы әскери борышын таулы Қарабахта адал, биік абыроймен өтеп келгеннен кейін сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында шахтада жұрт қатарлы жұмысқа тұрып, жер астындағы түрлі қауіп-қатерлерден қаймықпастан өзіне тапсырылған қызметті бұлжытпай орындап келеді.


Алғашқы еңбек жолы

Қызметін 1999 жылы бастаған Мұхаметрахим Дурбаев ұзақ жылғы адал еңбегі үшін 3-дәрежелі "Кенші даңқы" құрметті төсбелгісімен де марапатталған. Қазіргі уақытта Жарма ауданы Ақжал ауылындағы "Артель старателей Горняк" кенішінің бұрғылау бригадирі қызметін атқарып жүрген Мухаметрахим Сәменұлы Тарбағатай ауданы, Тұғыл ауылының тумасы.

- 90 жылдары тоқырау кезінде жұмыс табу қиын болды. Сол кезде бұл салаға кіріп кеттік. 1999 жылдан бері 19 жыл кенші болып жұмыс істеп келемін. Ол уақытқа дейін қаладағы Қытай базарында саудамен айналыстым. Ал бригадашы қызметінде жұмыс істеп жатқаныма 8 жыл болды. Қоластымда 41 адам бар. Қазақстандағы ең алып мыс өндіруші "Қазақмыс" кен орнында жерқопарғыш, жер асты жарғышы болып, кейіннен "Юбилейно-Снегирихинский" кенішінде 10 жыл еңбек еттім. Қазіргі уақытта аймақтағы "Артель старателей Горняк" алтын шығаратын кен орнында қызметімді жалғастырып келемін. Бұл мамандықтың ыстық-суығын кешіп келе жатқаныма 20 жылдай уақыт болыпты ғой, - деп бастады әңгімесін кенші Мухаметрахим Сәменұлы.

Қарамағындағы жұмысшыларға техникалық қауіпсіздікті сақтау, өндірістік жоспарды орындау жайында айтқан кезде де бұл мәселелерді Мұхаметрахим Сәменұлы бір минут та естен шығармайды. Жұмысшылардың әрқайсысының өміріне, қауіпсіздігіне жауап беріп, әрқайсысының құқықтарын қорғайды. Ол - жұмысшыларға қажетті жұмыс бөліп беріп, ауыр істерге өзі бастап баратын батыл да ер жүрек бригадир.

- Бұл кен орнының жұмыс істеп тұрғанына небары 1,5 жылдай болса да, жоспарды уақтылы орындап келеміз. Қазіргі уақытта кен үңгілеу межесін 1 шақырымға дейін асырып орындадық. Вахталық ауысыммен 15 күн істеп, 15 күн демаламыз. Шахта үшін алға қойған мақсатты орындап, жоспарды асыру дағдыға айналды десек те болады. Жоспарды уақтылы әрі нәтижелі орындап отырсақ, соған сәйкес әр тоқсан сайын сыйақы аламыз. Бригадам жақсы. Қызметкерлердің барлығы ұйымшыл, бір-біріне көмектесуге қашанда әзір, - деп шахта бригадирі Мухаметрахим ұжым тату болса, өндірісте үлкен жетістікке жетуге болатындығын ерекше атап өтті.


Әке жолын қуса игі

Ауылда туып өсіп, қарапайым отбасыдан шығып, өз тағдырын шахтамен байланыстырған кенші ағамыздың екі бірдей ұлы да осы шахтада әке жолын, әке кәсібін жалғастыруда.

- Жұбайым Индирамен 1991 жылы отбасын құрдық. Үш ұлым бар. Ұлдарым да әке жолын қуып 2-еуі кенші болып жұмыс атқарады. Кенжеміз мектепте оқиды. Үлкен ұлымнан 3 немере сүйіп отырмын. Жұбайым "Казмырыш" зауытында аспазшы болып қызмет атқарады. Ойлап қарасам, 20 жылдың 10 жылында үйде болмаппын. Өмірдің ағысы сол болса, өйтпеске амал бар ма?! - дейді кенші.

Еңбек жолын алғаш рет бастаған жас кеншілерге өзіне ұстаз болған шахтаның кәнігі кеншілері сынды өзі де бүгінгі күнде тәлімгер аға болып жүр. Жинақталған тәжірибе жаңа біліммен толығып отырады.

- Қазақ атамыз "не ексең, соны орасың" дейді ғой, біз де орнымызды бассын деп соңымыздан жақсы кадрларды даярлағымыз келеді. Жұмысшылардың сексен пайызы жас мамандар. Солардың ішінен ісіне жауапты, үздіктерді дайындап шығарсам - менен бақытты адам болмайтын шығар. Жастарды шақырып, үйретіп жүрміз. ­Шахтада 40 жастан кейін жұмыс істеу қиын. Бұрын кеншілік жұмыстан барлығы қашатын. Қазіргі уақытта жастар ауыр мамандықтарға көптеп келіп жатыр, - дейді кенші Мухаметрахим Сәменұлы.

Кеншінің айтуынша, бүгінде оларға қолдау көп. Кәсіпорындар жұмыскерлеріне жыл сайын әр түрлі демалыс орындарына жолдама беріп тұрады. Одан бөлек, жас кеншілердің мемлекет бюджетінен тегін білім алуға мүмкіндігі бар.

- Алғаш қызметке тұрғанда айлығым 10 сом болатын. Ол қазіргі теңгемен есептегенде 50 теңге. Кейіннен жылдар өте кеншілер 40 мың теңге алғанда бүкіл Белоусовка ауылы шулағаны есімде. Қазіргі уақытта әрбір кенші орта есеппен 300 мың теңге жалақы алады, - дейді кенші.


Шахтердің 1 күні 1000 күнге татиды

Қазіргі уақытта алтын шығаратын кен орнынан 25 мың тонна руда шығарылады. Оның ішінде алтынды бөліп бөлек алады. Шығарылған түсті металдар Балқашқа жөнелтіледі. Сол жақтан алтынды талабына сай өңдеп шығарады.

- Күніміз таңғы сағат 5-тен басталады. Бұл жұмыс жалқауларға арналмаған. Орнымыздан тұра жуынып, тамақ ішеміз. Кейін дәрігердің қабылдауына кіреміз. Дәрігер әрбіріміздің қан қысымымызды, дене қызуымызды өлшеп, тексереді. Егер жұмысшы денсаулығында мін бар болса, шахтаға кіргізбейді. Негізі кеншілер бір күнде ауырмайды. Олардың аурулары жүре-жүре пайда болады. Қаралымнан өткеннен кейін киіну бөлмесіне барып, қолшам, тұмылдырық, арнайы қорғағыш көзілдірікті алып, жұмысымызға кірісеміз. Сағат 7-де басталған жұмыс түскі сағат 12-ге дейін жалғасады. Бір сағат түскі асымызды ішіп, сағат 13.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жер астында еңбек етеміз. Осы уақыттарда тастарды қопарып, қазып, бұрғылаймыз. Жарғыштар оны келіп жарады. Машинистер келіп тазалап, жүк көліктерімен далаға шығарады, - дейді 3-дәрежелі "Кенші даңқы" құрметті төсбелгісінің иегері.

Қауіп-қатердің ішінде қызмет атқаратын шахтерлердің еңбегі қашан да мақтауға лайық. Ел экономикасының бір бөлшегін көтеретін кеншілердің қиын да ауыр істеріне, оны мойымастай төзімділікпен атқаратын мамандарға тек қана шексіз алғыс жаудырасың.

- Техникалық қауіпсіздікті сақтап, апатқа жеткізбейміз. Әр шахтада өзінің газы бар. Жақында ғана Қарағанды шахтасында апат орын алды. Ол шахтаның өзінің метан деген газы бар. Ол тез жарылғыш келеді. Біздің аймақта ондай газ жоқ. Мыс алатын кен орындарында күкіртті сутек болады. Қаншама қауіпті болса да бұл саладан кетер ойым жоқ. Басқа шахталарға, тіпті, Ресейге де шақырды. Алайда үйреншікті орнымнан кетуге тартыншақтандым, - дейді тәжірибелі кенші.

Кеншілік - өмірлік мақтанышым

Мухаметрахим Сәменұлы балалық шағын еске түсіретін әндерді тыңдағанды жақсы көреді, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанады. Жұмыстан бос кезінде ұлдарымен, немерелерімен көбірек уақыт өткізуге ұмтылады. Ең бастысы, қарапайым еңбек адамы, кенші екенін - өмірлік мақтанышы санайды.

- Өмірдің қиындықтарын көргеніме еш өкінбеймін. Осы жұмысқа орналасқаныма да өкініш жоқ. Барлығы ұнайды. Адамдар мені жақсыны да, жаманды да көре білуге, барды бағалай білуге үйретті. Өмірде тек уақытында оқымағаныма өкінемін. Қазіргі заманда жоғары білімнің қажет екенін, оқып, білім алудың маңызды екенін үнемі балаларыма айтып отырамын. Бос уақытымды отбасыма арнағанды жақсы көремін. Немерелерімді қыдыртып, соларға көңіл бөлгенді жөн көремін. Жолдастарыммен аптасына бір рет волейбол ойнаймыз. Мен өмірде бақытымды таптым. Мен өмірден көп нәрсе алдым. Балаларымды тәрбиелеп жетілдірсем, оларды аяғына тұрғызсам, олар да айналасына құрметті азаматтарға айналса, нағыз бақытты жан боламын. Барлығымыз отбасы үшін, балалардың келешегі үшін еңбек етеміз ғой, - деген кенші әр шахтердің отбасына бақыт пен береке, отбасыларымен аман-есен қауышуын тілейді.

Тамыз айының соңғы жексенбісі кеншілер мен байытушылар күні. Кен өндірісі - еліміздің басты саласы, кеншінің кәсібі елдегі ең құрметті мамандықтың бірі болған және бола бермек. Сол себепті де, кенші кәсібі әр уақытта өз биігінде қалады.

Следующая →