Мектепте ақша жинауға тоқтау бар ма?

Кейбір білім ұяларында ақша жинау науқаны қыза бастайтын шақ та таяу
10 тамыз 2018 года, 15:43 2979 Назерке Қайролданова
Газет мақалалары. - Мектепте ақша жинауға тоқтау бар ма?
Фото: © bilim-all.kz

Әдеттегідей қыркүйек айынан бастап мектеп қорына ақша жинау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Түспейді де. Осы мәселені талқылау үшін облыс орталығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері, мектеп директорлары, білім басқармасының басшысы мен қоғамдық бірлестіктің өкілдері бас қосты.

Ата-анаға "салық салу" бүгін ғана басталған жоқ. "Баланы балабақшаға бергеннен алдыңнан кесе-көлденең шығатын "ақша жинау" мәселесінен тек баламыз мектепті бітіргенде ғана құтыламыз" дейтін ата-ана сөзінің жаны бар. Ал сол тиісті ақшаны беруге жағдайы жоқ ата-ана қайтпек? Мұндай ата-ана бүкіл сыныптың көз түрткісі боп шыға келеді. Шынымен де, бұл қанға сіңіп кеткен әдет пе, әлде онсыз мұғаліммен тіл табысу мүмкін емес пе?

- Бір кездері ақша жинау дәстүрі жөндеу жұмыстарына деп басталып, ары қарай кете беретін. Күн сайын алдыңнан шығатын сынып жетекшісінің "Ақша әкелдің бе?!" деген сұрағы құлақта жатталып қалған. Яғни, сонау жылдардан бері мектеп пен ата-ананың психологиясына сіңісіп кеткен үрдіске аздап өзгеріс енгізілгенмен, сол баяғы жартас қой деймін әлі, - дейді Сара Ниязбекова есімді қала тұрғыны.

Кез келген ата-ананың көкейінде "бүкіл мектеп сыныптары жинаған ақша шынымен де белгілі бір мақсатқа жұмсала ма екен?" деген заңды сұрақ туындайды. Қай жақтың керек-жарағы түгенделіп жатыр, сыныптың ба, сынып жетекшісінің бе, әлде мектеп басшысының ба? Бұл сұрақтың жауабы күңгірт.

- Мектептердегі қорғаншылық кеңес – тек формалды ұйым, ашық емес. Мен балама нұсқаны ұсынамын: әрбір мектеп арнайы, дербес, демеушілік есепшотын ашсын. Сол шотқа ата-аналар сұратқан қаражатын сала алады және оны есепші, қазынашыл департамент қадағалайтын болады. Міне, осылайша ашықтыққа қол жеткіземіз, - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының ШҚО департаментінің басшысы Сергей Потанин.

Дербес шот ашу мәселесі өткен жылы көтерілген. Алайда тек 6 мектеп қана бұл тапсырманы шетке қалдырмады.

- Құр сөйлемей, нақты іске көшейік. Білім басқармасы барлық мектептерде арнайы шоттың ашылғанын қадағаласын және барлық ата-аналарға ескертілсін. Мұғалімдер, сіздер, ата-аналардан қолма-қол ақша алғанды қысқартыңыздар! – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департамент басшысы Жанна Қабдолдақызы.

Кезінде Білім және ғылым министрлігін басқарған азаматтар "салаға мемлекет қаржыны жеткілікті бөліп отыр. Оқушыдан ақша жинауға болмайды" деп бұйрық та шығарған еді. Мемлекет мектептерде мұғалімдер мен оқушылар арасында ақша жинауға қанша тыйым салса да, заңсыздықтың бұл түрі тыйылар емес.

- Мектептерде жөндеу жұмыстарына, кеңсе тауарлары мен кітаптарға ақша жинау заңды емес. Ал қаражатты қолдан қолға беру өз кезегінде жемқорлық тәуекелдігін арттырады, - дейді Сергей Потанин.

Сонымен қатар, әр мектепте білім мекемесі жұмсайтын міндетті шығындар тізімі ілінгенін, сыныптарда ақша жинау фактілері, мектеп әкімшілігі немесе жекелеген оқушылар тарапынан, басқа да заңға қайшы іс-әрекеттер тіркелген жағдайда ата-аналар білім басқармасының немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің "қауырт желісіне", Өскемен қаласының білім беру бөліміне +7-705-148-02-27 және +8(7232)24-11-91 сенім телефоны арқылы хабарласа алады.

- Мектептің әр сылтауды желеу етіп ақша жината беретін саясаты әбден қажытты. Мектеп қоры, ремонты, мерекелік іс-шаралары, гүл, мұғалімнің туған күні мен жеке мейрамдары, тағы сол сияқты көзге көрінбейтін "жинаулар" ешқашан бітіп бермейді. Сонда мемлекеттің мектептерді қаржыландырып отырғаны қайда?! Жыл сайын үкіметтен ақша бөлінді дегенімен, мектептің құрылыс жұмыстарына ақшаны біз де жинаймыз, - дейді 3 қыздың анасы Гүлжанат Қалибекқызы.



Загрузка...

Тақырып бойынша жаңалықтар

Устинка Live хабарландыруларын алып тұрыңыз