Оңтүстіктен мың жарым түлек келмек
Биыл "Серпін" бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстанның жоғары оқу орындарына 1200-ден аса, колледждерге 210 тегін білім беру гранты бөлініп отыр. Бұл алдыңғы жылдарға қарағанда көп
Қазіргі таңда облыстың жоғары оқу орындарында "Серпін" бағдарламасымен келген 2300-ден аса студент білім алуда. Олардың басым бөлігі С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да оқып жатыр.
- С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-да 740 студент, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде 661 адам, Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да 657 студент, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде 236 студент, Семей қаласының мемлекеттік медициналық университетінде 50 студент білім алуда, - дейді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының м.а. Ирина Смит.
Ал былтыр облысқа Алматы, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда мен Жамбыл облыстарынан, Шымкент қаласынан 750-ден аса түлек келген. Биыл келушілердің саны бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені бөлінген грант саны көп.
- 2018-2019 оқу жылында Шығыс Қазақстан облысы жоғары оқу орындарына 1225 білім беру гранты бөлінген. Оның ішінде Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ға 405 грант, С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-ға 300 грант, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетіне 270 грант, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетіне 250 грант үлестірілді, - дейді Ирина Смит.
Одан бөлек, "Серпін" бағдарламасымен колледждерге де тегін білім беру гранттары беріледі. Облыстық білім беру басқармасының мәліметтері бойынша, алдыңғы жылы техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне "Серпін" бағдарламасы аясында 250 грант, былтыр 210 грант бөлінген. Биыл да 210 грант бөлініп отыр екен.