Бұқтырмада құрылыс салуға кім рұқсат берген?
Бұқтырма су қоймасы, Сібе және Окуньки көлдеріндегі демалыс базалары жағаға тым жақын салынған. Ал заң бойынша олар демалыс базаларындағы үйлер суды ластамауы үшін жағадан жарты шақырым алыста салынуы тиіс болатын
Облыс әкімі Даниал Ахметов елдің жазғы демалыс орындарына айналған жағажайлардың демалыс базаларын заңсыз салынған нысандар деп атап, мұндай бассыздықты дереу доғару керектігін, ал жағаға жақын салынған нысандардың жағдайын шешу қажеттігін мәселе етіп көтерді. Облыс аумағындағы су қорғау аймақтары жайлы баяндама жасаған облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Медет Нұрғалиевті заңды дұрыс қадағаламай, жағдайды бақылауға алмай отыр деп сөкті.
- Бұқтырма су қоймасы, Сібе және Окуньки жағасындағы демалыс нысандары бейберекет салынған. Бұқтырма су қоймасы маңынан жағадан 500 метр қашықтықта жатқан, заңға сәйкес бір нысанды тауып беріңдерші? Жағаға апаратын жолды ғана табасыңдар. Мұндай бассыздыққа, заңбұзушылыққа кім жол берді? - деді Даниал Ахметов басқарма басшысына.
Заң бойынша жағадағы жер телімдерін реттеу құқығы облыстық әкімдіктің міндетіне жататын көрінеді. Ал табиғатты пайдалану басқармасы Бұқтырма маңындағы құрылыстардың салынуына Зырян аудандық әкімдігі келісім бергенін, бұған қатысты бірнеше сот ісі де болғанын алға тартты. Алайда Зырян әкімі Нұржан Тоқсейітов "құрылыс салуға рұқсат берген біз емес" деп кесіп айтты.
- Біз жер комиссиясын құрып, үлестіруге болатын жерлердің тізімін жасағанымызбен, құрылыс салуға рұқсатты Ертіс бассейндік су шаруашылығы басқармасы шығарған келісімінен соң ғана береміз, - дейді Нұржан Тоқсейітов.
Басшыларының бірінің сөзін бірі жоққа шығарып, соңында Бұқтырманың бойында құрылыс нысандарының олпы-солпы салынуына кімнің кінәлі, кімнің рұқсат бергені белгісіз күйде қалды. Ал аймақ басшысы бұл күрделі мәселені шешудің жолдарын қарастыруға әрі басқарма мен жергілікті әкімдікті бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.
- Қазір Алакөл мен Сібе көлінің маңындағы жер телімдерін беруге тыйым салынды. Былтыр Сібенің үшінші көлінде жағажай салып, заңсыз нысандарды тұрғызуға біршама шек қойдық. Мәселе көтеріп, терең зерттеу, талдау жұмыстарын жасау қажет болатын. Бір айдың ішінде мәселенің қаншалықты маңызды екендігін анықтау үшін нақты, толық ақпараттарды дайындап әкеліңіз, - деді облыс басшысы Медет Нұрмолдаұлына.