Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Газета Газета Назерке Қайролданова
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Ұлтымыз барда ұлттық өнердің өшуі мүмкін емес

Әділ Тұрғанбаев - дәстүрлі әнші, Алматы қаласьндағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі

Ол С. Тұрысбековтің "Секеннің саз отауы" ансамбілінде, "Көпен келе жатыр" театрында, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінде, "Серпер" тобында өнер көрсетті. Ал бүгінде ағайынды Абдуллиндер атындағы облыстық өнер колледжінің ұстазы, облыстық филармонияның әншісі. Республикалық "Тамаша", "Алтыбақан", "Ән мен әнші", "Шаншар" тележобаларына қатысып,  концерттік сапарлармен Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларында, Моңғол Халық Республикасының Баян-Өлгей, Қытай Халық Республикасының Алтай аймағында өнер  көрсеткен.

- Облысымызға, республикамызға танымал дәстүрлі әншісіз. Әнге деген әуестігіңіз қай кезеңнен басталды?
- Бала кезден өнерге жақын болып өстім. Әке-шешем де өнердің парқын терең түсінетін жандар болды. "Әу" демейтін қазақ жоқ шығар, бірге туған аға-бауырларым да өнерден құр алақан емес. Сол кездердегі автоклубпен Күршімге келетін үгіт бригадасының өнерпаздары ат басын біздің үйге тірейтін. Оның ішінде сүйіп тыңдайтын Талғат Кәрменов дейтін марқұм рулас ағам бар еді. Әке-шешем осындай өнер иелерін құрақ ұша күтіп, қонақ қылып, шығарып салатын. Осы кісілердің де маған берген өнегелері мол.

- Сіздің "Серпер" тобында өнер көрсеткеніңізді білеміз. Жалпы, топқа қалай келдіңіз? Топтан кетуіңізге не себеп болды?

- Ол топты біз өзіміз құрдық. Мақсатымыз - 2000 жылдары халық өнерінің кенжелеп қалған, тоқырау кезеңінде дәстүрлі әнді өзгешелікпен эстрадаға кіргізу болды. Бұл Тілеулес, марқұм Биғазымен, сол кездегі продюсеріміз Бағлан Омаровпен ақылдаса шешкен жоба. Топта біраз уақыт болып, кейін Өскеменге оралдым. Шындығына келгенде, дағдарыс әсерін бермей қоймады. Алып шаһар Алматыда үй бағасы қымбаттады. Өскеменге оралған 2004 жылдары  қаланың тұрғындары ұлттық өнерден ада болды дер едім. Бұл кезде басқа облыстарда ұлттық өнерді насихаттайтын мектептер ашылмақ түгілі, өз жемісін беріп жатты.

- Өнердің қайнап жатқан қазанынан сол жылдары танауына ұлттық өнердің иісі де келмейтін Өскеменге келгеніңізге өкінбейсіз бе?

- "Сен неге кеттің ол жақтан? Ендігі жұлдыз болар едің ғой.. Мына жаққа келіп жұлдыздықтан түсіп қалыпсың" деген адамдар болды. Пенде болған соң кей-кейде азғырушылардың үніне құлақ түріп қаласың. Жалпы туған ел, өскен ортаға келгеніме еш өкінішім жоқ.

- Кешегі мен бүгінгі тыңдарман талғамында айырмашылық бар ма?

- Шекарамыздың бәрі ашық, сырттан не алғымыз келсе, соған қол жеткізе аламыз. Дәстүрлі әніміз, ұлттық өнеріміз ұмытылып бара жатқаны біраз қынжылтады, әрине. Дегенмен, Аллаға шексіз шүкіршілік. Мемлекет көптеген мүмкіндіктер беріп, барынша жағдай жасауға тырысып-ақ жатыр. Фонограммамен ән айтуға шектеу қойылатын болса,  халық өнері одан да жанданып, тыңдарманмен қайта қауышатынына күмәнім жоқ. Ұлтымыз бар болып, жасап тұрғанда ұлттық өнеріміздің ұмытылып, өшуі мүмкін емес. Тіліміз барда - өнеріміз де бар. Жақын уақытта латын қарпіне көшейік деп жатырмыз. Ол да бір жаңғыру. 

- Ұлттық өнердің насихаттаушысы дегенде бірден сол адамның домбырасы елестейді. Аспабыңызды қалай баптайсыз?

- Жалпы домбыраның 2 түрі бар. Біріншісі – қалақ домбыра (Арқа, Жетісу, Алтай-Тарбағатай әндері үшін), екіншісі - қазан домбыра (батыс мектебіндегі жыршы, күйші, термешілердің үлгісі). Өзіме келетін болсам, маған қалақ домбыра ыңғайлы. Негізінен, домбыраны өзім жасаймын. Өз қолымнан жасаған домбыралар талай әншілердің қолында жүр, ара-тұра фильмдерден де көріп қаламын. Қашанда өз шығармашылығыңнан туған дүние ыстық болмай ма?! Сол сияқты телеарналардан өзім жасаған домбыраларды көргенде риза болып отырамын.

- Ән қоржыныңызда қандай әндер бар?

- Мен 1995-1999 жылдары Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының халық әні кафедрасында білім алдым. Ұстазым - Халық әртісі Қайрат Байбосынов. Негізінен Арқа әндерінің мектебін тәмамдадым. 

- "Қазақ дәстүрлі ән мектебі" деген тіркесті біреу білсе, біреу білмес...

- Қазақтың 5 дәстүрлі ән мектебі бар. Олар: Батыс, Маңғыстау, Қызылорда, Арқа және Жетісу әншілік-жыршылық мектептері. Сол уақыттағы зерттеушілер біздің аймақта тереңірек зерттеу жүргізгенде, бәлкім Алтай-Тарбағатай мектебі де аталған мектептердің тізіміне кірер ме еді деген ойлар бар. Алтай-Тарбағатай мектебін қалыптастыру мақсатында бізден бітірген студенттерді Астана, Алматыдағы өнер ордаларына жіберіп жатырмыз. 


- Ұлттық дәстүрлі өнер сіздің отбасыңызда қалай көрініс табуда? 

- Жолдасымның негізгі мамандығы – кітапханашы. Шымкенттегі мәдениет институтын бітірген. Қазіргі уақытта бала тәрбиесімен үйде отыр. Осы уақытқа дейін жарыммен бірге өмірдің ыстығы мен суығына бірге көніп, жүріп келеміз. Бір қыз, бір ұлым бар. Отбасым өнерден алыс емес. Алайда, ел алдына ән шырқап шыққан да емес. Олардың өздерінің таңдаған бағыты басқа. Дегенмен кейде олардың айтқан пікірлеріне қарасам, менен артық білмесе, кем білмейді. Домбыраның үнін естігенде елең етпей қоймайтын қазақ баласы жоқ шығар, сірә?!

- Ешкімге көрсетпей жанарыңыздан тамшы үзіліп, өкінген кездер болды ма?

- Жалғыз өнер адамында ғана емес, барлық адамзатты аяқтан шалған жандар өмірлерінде әсте болған шығар. Күнделікті көріп жүрген адамдар немесе жора-жолдастар аяқтан шалған кездер болды. Тіптен, белгілі бір себептермен бірнеше жылдар бұрын сахнаға шыға алмай қалған уақыттар болды.  Бірақ мен ондай әрекеттерге кешіріммен қараймын. Ол менің емес, сол адамның ісі деп біліп, ол адам үшін Алладан кешірім сұраймын. Өнер адамы жүрекпен жылайды ғой. Құлазыған сәттерде музыка тыңдаймын. Керек десеңіз, барлық елдің музыкасын тыңдаймын. Мен үшін музыкада тілдік шектеу жоқ. 

- Әлеуметтік желіде белсендісіз бе?

- Белсендімін дей алмаймын. Тек жұмыс мақсатында пайдаланатыным болмаса, көп қолданбаймын. Әсіресе, интернеттің пайдасы домбыра жасар кезде іске асады. Facebook әлеуметтік желісіне тіркеліп, біраз әуестеніп, кейін оған да кірмейтін болдым. Себебі уақытымның басым бөлігі желіге кететінін түсіндім. 

- Алдағы уақытқа жоспарларыңыз...

- Ағайынды Абдуллиндер атындағы ШҚО өнер колледжінің директоры Альмира Дюсупова қолынан келгенше жағдай жасауда. Сол кісінің бастамасымен биыл домбырамен ән айтушыларға арналған сынып ашылды. Осы отырған балалар 7-сыныптан бастап қабылданып, 9-сыныпта колледжге түседі де,  яғни, 7 жыл менен ілім алып, кәсіби маман ретінде түлеп шығады. Арманым - Өскемен жастарына ұлттық өнерімізді насихаттау арқылы осы мектептің жұмысын ары қарай дамыту. Ізбасарларымызды түрлі республикалық, халықаралық байқауларға дайындаймыз. Жалпы, колледждің деңгейі Қазақстандағы басқа да музыкалық ордалармен салыстырғанда жоғары тұр десем, артық айтқаным емес. Ендігі бір жұмысым - ШҚО филармониясы. Филармония басшылығына Ғибрат Азубаев дейтін өнер майталманы келіп, біраз өзгерістер енгізді. Қазіргі уақытта филармонияның ішінен вокалды-аспапты ансамбль құрып жатырмын. Бәрі сәтімен болады деп үміттенемін. 

- Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

- Бос уақытымның көбі домбыра жасауға кетеді. Оның да өзіндік бір ләззаты бар. Шеберханада ешкім кедергі жасамайды, сырттағы мәселелерді ысырып қойып, тыныштықта өзіммен-өзім жұмыс істегенді ұнатамын. Махаббатпен, жаның сүйсініп істеген нәрседен дем аламын. Кейін домбыраны жасап, аяқтап біткеннен кейін бірнеше күн әлгі домбыраға сүйсініп, сатқым келмей қарап отыратын кездер болады (күліп).

- Домбыраға барша "қазақ" деп соққан қайсар жүректер ғашық. Өзіңіздей қазақтың халық өнеріне жанашыр өнерпаздарымыз көп болсын. Арманыңызға жетер күн де алыс емес деп ойлаймын. Әсерлі әңгімеңіз бен сырлы сұхбатыңызға рахмет.
Следующая →