Өскемен
пасмурно
+16°
  • Өскемен
    +16°
  • Алматы
    +14°
  • Астана
    +16°
  • Ақтөбе
    +22°
  • Актау
    +20°
  • Орал
    +19°
  • Қарағанды
    +18°
  • Көкшетау
    +11°
  • Қостанай
    +13°
  • Қызылорда
    +21°
  • Павлодар
    +13°
  • Петропавловск
    +8°
  • Тараз
    +14°
  • Туркестан
    +15°
  • Шымкент
    +16°
$
441.44
-1.91
473.09
-2.45
¥
60.96
-0.22
4.75
-0.07
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Газета Газета Назерке Қайролданова
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Ата-әженің тәрбиесіндегі бала өмірде опық жемейді

"Тұмарым", "Жаным-ау", "Кездер-ай" деген әндерді бүгінгі аға буын жақсы біледі

Өйткені 80-ші жылдары бұл әндер жастардың жалауы болып, әр басқосу мен кештерде әуелете шырқалатын еді. Осы және "Не пайда?", "Жас ұлан", "Бір досыма", "Нұр Алтай", "Көңіл күйі", "О туған жер" сынды бүкіл ел білетін әндердің авторы - жерлесіміз Рамазан Елібаев. Ол - қазақ музыкасының ардагері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері. 

- Сұхбатымызды туған жеріңіз, балалық шағыңыздан бастасақ...

- Мен 1947 жылы Алтайдың иығынан жымиып таң ататын Еңбек деген ауылда дүниеге келдім. Ол уақытта сұрапыл соғыстың әлі де көрінісі бітпеген кездер еді. Әкем қан майданда Отан қорғап, 3 жылдан кейін денсаулығына байланысты қайтып оралды. Көп ұзамай төсек тартып, дүние салды. Шынымды айтсам, әкемнің көзін көріп, тәрбиесіне қаныға алмадым. Тек есімде қалғаны - маған арнап  кішкентай домбыраны жасап беріп, «домбырашы, күйші, өнер адамы бол» деп қапшығына салып жатқаны... Әкемнің бұл арманы орындалды. Әкем екі қолынан өнер тамған шебер кісі болған екен. Оны кейіннен өзі жасаған орындық, ер-тұрман, ат-әбзелдері, домбыраларынан көрдім. Бұл қасиет менің де бойыма дарыса керек. Ара-тұра қолдан бұйым да жасағанмын.

- Ұл бала көбіне әкесінің ақылымен жүреді. Әкеңізден жастайыңыздан айырылыпсыз, одан кейін кімнің тәрбиесінде болдыңыз? 

- Әркімнің ой-өрісі, өз пікірі бар. Өз өмірімнен сыр шертер болсам, мен шал-кемпірдің қолында өстім. Әке-шеше тәрбиесін мүлде көрген жоқпын десем де  болады. Себебі, айтқанымдай әкем дүниеден ерте озды. Анам өте сұлу әйел болған екен. Күйеуі жоқ екенін білетін ауылдастары анама басқа көзбен қарай бастағанын сезген Елібай атам бір жылдан кейін қара жамылып отырған анамды шақырып алады да: "Айналайын, менің алдымнан көлбеңдеп өтпеген баласың. Әлі жассың, ақылдаса келе, сені жіберуді ұйғардық, еліңе-жеріңе бара ғой" депті. "Тек бір шартым: Рамазанды өзімде қалдырасың. Ол - біздің тұяқ, ұрпағымыздың жалғасы, ал Зияданы (туған әпкем) алып кетуге рұқсат" деген екен. Осылайша, ата-әжемнен көрген-білгенім - өмірлік азық болар тәрбие болды. Бүгінгі жастар "кемпір-шалдың тәрбиесіндегі бала ынжық болып өседі" деген жансақ пікірлер айтып жатады. Менің айтарым, кемпір-шалдың тәрбиесінде өскен бала өмірде опық көрмейді. Тіпті, қазір қарайласам, сол кездегі кемпір-шалдың қолында өскен азаматтар мен азаматшалар бүгінде өнерде, оқу-ғылымда белгілі бір жетістікке жетіп, өз орнын тапқан жандар деп сеніммен айта аламын.


- Бұған дейінгі берген сұхбаттарыңызда отбасылық өміріңіз жайлы айтылмапты, жазылмаған екен. Осы тұста жарыңыз жайлы сыр шертсеңіз...

- Жетпіске кеп отырған мына менің түйгенім – қасыңда адал жарың болмаса, сен түкке де тұрғысыз адамсың. Өмір атты теңізде сан рет сүрініп, сан рет қайта тұрдық. Өнерде жүрген соң, гастрөлдік сапарлармен тау-тасқа басымызды соғып, неше түрлі жағдайды бастан кешірдік. Бірақ соның бәріне көз жұма қарап, "ым-жымын" білдірместен мені аялап, қолпаштап келе жатқан ол – отанасы Алма. Халқымыздың "Ер жігіттің аты жақсы болса - бір бақыт, алған жарың жақсы болса – мың бақыт" деген аталы сөзі бекерге айтылмаса керек.
Өнер адамдарының ыстық-суығына көну – оңай шаруа емес. Бұл тұрғыда Алмаға дән ризамын. Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді. Сондықтан да, береке мен бірліктің ұйытқысы – әйел. Еркек түздің адамы, ол отбасын материалдық жағдаймен қамтамасыз етуі керек. Ал сол берекені айрандай ұйытып отыратын  ол - үйдегі аруларымыз. Әйел затын сыйлау – өзіңді құрметтеумен тең деп түсінемін. 


- Адал жарыңызбен қанша ұл-қыз тәрбиелеп, өсірдіңіз?

- Аллаға шексіз шүкіршілік, балаларымыз бар. Үлкен қызымыз Жанар Швецияда тұрып жатыр, тұрмыста, жиен немерем бар. Одан кейінгі Ақбота есімді қызымыз Астанада тұрады. Алдыңғы екеуі қыз болғандықтан, жарым маған ұл сыйласа деп армандап жүрдім. Алла тілегімді қабыл етіп, Алмас есімді ұлымыз дүниеге келді.  Өзіміз кенжеміз Алмас ұлымыздың қолында тұрып жатырмыз. Ұлымнан екі тәтті немере сүйіп отырған жайымыз бар. Ұл-қыздарым өте тамаша жандар.

- Сіз балаларыңызға қандай әкесіз?

- Өкінішсіз адам болмайды ғой. Мен балаларыма көп дүниені бере алмадым деп өкінемін. Дегенмен, үлгі-өнегеммен керекті нәрсені көрсеттім деп ойлаймын. Балаларыма айғайлап, дауыс көтеріп сөйлеген емеспін. Кей-кейде "әй, мынаны былай істесең қалай болады?" деп айтып қалатынымыз бар. Оны ары қарай ақылы бар адам түсініп, қорыта жатар. Кішкентай қызы мен ұлын тәрбиелеп отырған 35 жастағы ұлыма, оның балаларына беріп жатқан өнегесіне қарап, мен толығымен қанағаттанамын деп айта аламын.  

- Заманына қарай адамы деп жатады ғой. Қазіргі қазақ ұл-қыздарының тәлім-тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?

- Жастардың ойы мүлдем бөлек шығар. Жалпы, қазіргі қыз балалардың киген киімдері көңіліме жақпайды. Бірде үй маңындағы мектепте оқитын қыздарға ескерту ретінде, бір-екі сөз айтып едім, "сізге не керек, қазір быт-шытыңызды шығарамыз" демесі бар ма. "Әттең-ай" деп үйге түңіліп келдім. Жапондықтардың мынандай дана кеңесі бар: "Сенің балаңның дүниеге келгеніне қанша болды?" деп сұрапты бір кісіден. 40 күн десе, "сен қырық күн тәрбие беруден кеш қалыпсың"  депті. Көрдіңіз бе, баланы жастан, құндақтан, бесіктен тәрбиелеу, тіл алғызу, үлкендерді сыйлауға, ағайын-туысты, ата-ананы қастерлеуге үйрету керек. Ал бұл ретте ананың орны бөлек. Бүгінгі күні отбасының ғана емес, бүтін бір ұлттың ұлт болып қалыптасуына әсер ететін ана екені даусыз.
Қазіргі жастарымызға қарасам, болмайтын дүниелерге бола ұрсысып-таласып, ажырасып жатыр. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Ақылды, өрісті азаматтар балаларын өзіндей қылып өсіретіні белгілі. Тәрбиеде ортаның да әсері аз емес. Біз жас кезімізде қоғамдық көлікте үлкен кісілерді көрсек, орнымыздан ұшып түрегеліп, орын беретінбіз. Көшенің арғы бетінен не болмаса кинода мұғалімдерімізді көріп қалсақ, айнала қашатынбыз. Бұны - сыйластық деп білемін. Заман бөлек пе, жоқ әлде тәрбие бөлек болды ма екен, білмеймін. Оралхан Бөкей айтушы еді "Неге солай?!" деп, қазір сол сұрақты өзіме де қоятын болыппын. Менің орындауымдағы "Тұмарым" әнін қазіргі жастар қабылдай алмайды ғой. Ал Айқын Төлепбергеннің орындауындағы заманауи өңделген нұсқаны тыңдайды, қабылдайды. Бұл сол сияқты жағдай.

- Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық тәлім-тәрбие беруде үлкендердің рөлі қандай?

- "Меніңше, кимешек таққан қазақ әйелі ең әдемі" деген екен Раузер деген саяхатшы.  Кимешек, тіпті, көріксіз болған әйелдің өзін көрікті қылып жібереді ғой, шіркін! Қазірде "ақ жаулықты әже" деген қастерлі атаудың өзі сиреп бара жатқаны қынжылтады. Тәрбие беруде үлкендердің орны ерекше. Қу тірліктің қамымен жүріп, бұл мәселені ешкім де қаперіне алмайды. Дегенмен, дәл қазір "кемпір-шалға зар заман" уақыт  туған сыңайлы. Осы орайда мына бір термедегі жақсы сөздер ойға оралады: "Бір көш кетіп барады күймесі жоқ, омырауы ашық қыздардың түймесі жоқ. Шал сақалсыз, кемпірлер кимешексіз, оймағы жоқ, қолында инесі жоқ..."

Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!
Следующая →