Өскемен
ясно
-18°
  • Өскемен
    -18°
  • Алматы
    -7°
  • Астана
    -9°
  • Ақтөбе
    -7°
  • Актау
    +3°
  • Орал
    -4°
  • Қарағанды
    -9°
  • Көкшетау
    -10°
  • Қостанай
    -10°
  • Қызылорда
    -6°
  • Павлодар
    -16°
  • Петропавловск
    -12°
  • Тараз
    -2°
  • Туркестан
    -6°
  • Шымкент
    +2°
$
515.25
+0.32
535.91
-0.13
¥
70.6
+0.05
5.18
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Газета Газета Қымбат Слямбеков
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Тапқан табысты жұмысшылармен бөлісеміз

Әр адам өзінің туған жері мен өскен ауылы үшін еңбек етсе, еліміздің кез келген ауылы көркейіп, дамыр еді

Әр адам өзінің туған жері мен өскен ауылы үшін еңбек етсе, еліміздің кез келген ауылы көркейіп, дамыр еді.

Әсіресе, кәсіпкерлер қауымы өз өлкесіне көңіл бөлсе, құба-құп. Ал бүгінгі кейіпкерлеріміз - ауылының аяқтан тұрып, алға басуына алғаш болып қол ұшын ұсынып, қолдау білдірген жандар. Зайсан ауданы Қаратал ауылының тумасы, ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Бауыржан Баймұханбетов пен Бақытгүл Баймұханбетова - ауылында алғаш кәсіп ашып, тұрғындарға көмек көрсеткен абзал жандар. Ал әулеттің отанасы Бақытгүл Баймұханбетова былтыр "Білім саласына қолдау көрсеткені үшін" облыстық "Жомарт жүрек" сыйлығының иегері атанған.


Кәсіп бастауы - наубайхана

Бүгінде жиырма жылдан астам уақытын кәсіпке арнаған отбасының алғашқы аяқ алысы да оңай бола қойған жоқ. Елдің бүкіл экономикалық жүйесі істен шығып, қаржы-тауар айналымы құлдыраған шақ. Ел ертеңгі күнін болжай алмады, жаңа заманға бой үйретіп, бірден бейімделе қоймады. Тіпті, халықтың тамақ тұрмақ, нан таба алмаған қиын-қыстау уақыты болатын. Ал ойы сергек жандар қол қусырып отырмай, іске кірісті. Өзін де, елін де қиындықтан алып шығуға тырысты. Содан ерлі-зайыпты Баймұханбетовтер 1994 жылдан бастап өз кәсібін бастады.

- Жолдасымыз екеуіміз ойлана келе, шағын наубайхана ашайық деп шештік. Ол кезде халыққа ең керегі де нан мен ұн болатын. Қолымызда "Жигули" маркалы көлігіміз бар еді. Кейін оны жұбайым сатып, түскен қаржыға ауылға шағын диірмен әкеліп орнатты. Диірменнің ауыл халқына тигізген пайдасы көп еді. Себебі тұрғындар өсірген бидайын алысқа бармай-ақ, ауылда тұрған диірменге келіп тартып әкететін. Диірменнің күніне бір тонна ұнды ұнтақтап шығаруға қауқары бар болатын, - деп еске алады Бақытгүл Баймұханбетова.

Бүгінгі күнде диірмен жабылған, алайда алғаш ашылған наубайхана әлі жұмыс істеп тұр. Қазір күніне 800-900 дана нан пісіреді. Бұл наубайхана - ауылды нанмен қамтушы ең үлкен өндіріс. Ал Қаратал ауылында бүгінде төрт жарым мыңнан аса халық тұрады.


Егін егуді қолға алған

Кәсіпкер жанұяның алғаш ашқан наубайханасы мен диірмені егін егуге түрткі болған.

- Өйткені нан пісіруге қажетті ұнды сатып алатынбыз. Оның үстіне, елге ұн да, бидай да жетіспейтін. Жолдасым наубайханаға қажетті шикізатты өзім дайындаймын деп, бидай өсіруді бастады. Содан кейін 1997 жылдары "Бота" шаруа қожалығын құрып, егін егумен біржола айналыса бастадық, - дейді отанасы.

Алайда шаруашылық қазіргі таңда бидайды емес, арпа, жүгері, сұлы сынды дәнді дақылдарды өсіргенді жөн көрген. Өйткені Зайсанның топырағы бидай егуге, одан мол өнім алуға аса жарамды емес. Есесіне, арпа мен жүгері топырақ талғамайтын көрінеді. Бүгінде шаруашылық 600 гектарға дейін егін егеді. Оның ішінде, төрт жүз гектар жер Шілікті ауылына қарасты. Әсіресе, Баймұханбетовтер жанұясы Шілікті топырағында егін егуді алғаш қолға алған жанұя болып саналады. Өйткені Шіліктінің шұрайлы топырағы ұзақ уақыт бойы егінге пайдаланылмай, бос жатқан еді. Ал ел арасында Шіліктінің топырағын мақтап, оны "құт қонған жер" деп атайтындар көп.


Ауылда алғаш дүкен ашқан

Кәсіп иелері егін егумен қатар сауда-саттықпен де қатар айналысады. Ал алғашқы дүкенін 1997 жылы ашқан әрі бұл Қаратал ауылында ашылған тұңғыш сауда орны болған көрінеді.

- Қазір ауылда ашқан жеті дүкеніміз бар. Дүкендерді халыққа ыңғайлы болу үшін ауылдың әр шетінен ашып қойдық. Басынан, аяғынан, ортасынан дегендей... Ауылымыз үлкен. Сондықтан тұрғындар ауылдың бір шетінен екінші бір шетіне сабылып жүрмес үшін дүкендерді көбірек ашуға тырыстық, - дейді Бақытгүл Баймұханбетова.

Бұл сауда орындарында бүгінде 20-дан астам тұрғын жұмыс істейді. Оның ішінде саудагерлер, көлік жүргізушілері, жүк тиеушілер бар.


Балабақша ашқан

Кәсіпкерлер 2010 жылы "Балапан" бағдарламасы бойынша Қараталда 30 балаға арналған балабақша ашқан. Бұл аталған бағдарлама бойынша ашылған ауылдағы алғашқы балабақша екен. Оның үстіне, ауылда балабақша жетіспейді. Қазірдің өзінде ауылда үш жүзге таяу бала балабақша кезегінде тұр.

- Балабақшаны аудан әкімі ұсыныс тастағаннан кейін аштық. Негізгі мақсатымыз - ауылдастардың сұранысын қанағаттандыру болды. Ауылда ешқандай балабақша болған жоқ еді. Тек мектеп жанында шағын орталық қана бар болатын. Шаруа қожалығында 20 адам, дүкен мен балабақшада 30 адам жұмыс істейді. Сонда барлығы 50-ден астам адамды жұмыспен әрі олардың балаларын балабақшамен қамтамасыз етіп отырмыз. Балабақшаның өзінде 11 жұмыскеріміз бар. Олар - тәрбиешілер, ғимаратты күтіп-тазалаушылар, аспаздар, - дейді кәсіпкер.


"Менің мектебім" жобасының қатысушысы

Облыс әкімі Даниал Ахметов былтыр тамыз айында Зайсан ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде Қаратал орта мектебімен таныса келе, қос кабинетті жергілікті кәсіпкерлердің жабдықтағанын көріп, ерекше ризашылық білдірген болатын. Әкімнің көңіл қуанышы кейін "Менің мектебім" атты жобаның басталуына себепкер болып, облыстың өзге кәсіпкерлеріне білім алып, қанат қаққан мектеп ордасына қаржылай көмек өрсетуге үндеу тасталып, өңірде тұңғыш рет ерекше форматтағы "Туған жер" форумының өтуіне мұрындық болды.

Ал аймақ басшысының көңілінен шыққан кабинеттің бірін заманауи үлгіге сай жабдықтаған бүгінгі кейіпкеріміз Бақытгүл Зайнолдақызы болатын. Кәсіп иесі 2017 жылы туған- туыс, ағайын-бауырларымен ақыл қосып, тізе түйістіріп, әкесі Зайнолда Қойшыбаевтың құрметіне пән кабинетін жабдықтауды шешкен.

- Әкем Зайнолда Қойшыбаев - Ұлы Отан соғысының ардагері. Ауылына жәрдемі көп тиген адам. Өзі механизатор, комбайншы болған. Өткен ғасырдың ортасында механизатор курсын ашып, ауыл балаларын жинап, оларды техниканың тілін түсінуге баулыған. Сондықтан ұстаздық - әкемнің қанында бар дүние. Тоғыз бала тәрбиелеген жан. Ең кенжесі - Қаратал мектебінің география пәнінің мұғалімі. Ашқан кабинетке кенже сіңлім бас-көз болып жүрсін деген ниетте дәл география пәніне арналған кабинетті жасақтайық деп шештік. Оған 3 млн теңгеден аса қаржы жұмсалды, - дейді Бақытгүл Зайнолдақызы.

Кәсіпкер алдағы уақытта Қаратал мектебінің робототехника кабинетін жабдықтауға да атсалыспақ.


Демеушілік жасаудан жалыққан емес

Қандай игілікті іс бастаса да, халықтың қамын ойлап, оған жәрдем көрсетуді, еткен еңбекті елге арнауды мақсат тұтатын зайсандық кәсіпкер "демеушілік" өмірлік ұстанымдарына айналғанын айтады. Әрі жасаған жақсылық пен жомарттықты жар салып жатпайды. Дегенмен, халқымыздың "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" деген аталы сөзі бар. Ауылына бауырмал жанның жасаған жақсылығының бір парасын атап өткен жөн болар.

Кәсіпкер жанұя 2005 жылдан бері қайырымдылық акциясына белсене қатысып, осы күнге дейін 25 млн теңге көмек көрсеткен екен.

- Не көрсек те, ұжыммен, жұмысшылармен бірге көруге дайынбыз. Еткен еңбегіміз, ең алдымен, ұжымдағы еңбеккерлерімізге арналады. Көмекке мұқтаж төрт жұмыскерімізге ауылдан баспана алып, бір мүгедек жанға үй салып бердік. Әлеуметтік жағынан төмен отбасыларға, қарияларға жыл сайын мереке кезінде сыйлық жасап, демеу көрсетеміз, - дейді кәсіпкер.

Қазіргі уақытта қайырымды ісімен көпке үлгі болған табысты ерлі-зайыпты үш бала мен бір немере тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы үй болып, ата жолын жалғап, кәсіпкерлікке көшкен. Ортаншы қызы да Зайсан қаласында сау-
да орнын ашып, құрылыс заттарын сатуды қолға алған. Екеуі де жоғары білімді. Ал кенжесі Алматы қаласындағы КИМЭП Университетінде білім алуда. Кенже ұл да келешекте кәсіпкер болуды көздейтін көрінеді.  

Следующая →