Өскемен
ясно
+6°
  • Өскемен
    +6°
  • Алматы
    +17°
  • Астана
    +4°
  • Ақтөбе
    +4°
  • Актау
    +9°
  • Орал
    +6°
  • Қарағанды
    +5°
  • Көкшетау
    +5°
  • Қостанай
    +5°
  • Қызылорда
    +14°
  • Павлодар
    +6°
  • Петропавловск
    +3°
  • Тараз
    +15°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +17°
$
449.58
-0.49
486.94
-1.57
¥
62.22
-0.13
4.86
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Газета Газета

Өнерін өңірінде дамытып, өзгелерге үйретуде

Ер жігітке жеті өнер де аз деп жатады. Осы жеті өнерді жіті меңгеріп қана қоймай, бар білгенін өзгелерге үйретіп жүрген Ертай Сарсенов Үржар ауданының тумасы

Ол зергерлік өнерді ғана емес, қол өнерді де қатар дамытып келе жатқан жандардың бірі. Атасынан әкесіне, әкесінен өзіне дарыған өнерді ол жастайынан дамытып, бүгінгі күні өзінің табар табысына айналдырып отыр.

- Менің атам Сарсен өзі сері, өзі аңшы, шебер адам болған. Одан бізге мұра болып қалған ат әбзелдері сақтаулы. Әкем де шеберлік пен ұсташылдықпен айналысады. Ол да қобыз жасай алады, -дейді Ертай Сарсенов.

Жоғары оқу орнына да өзінің өнерін дамытпақ мақсатпен, қолөнер шеберлігі мамандығына оқуға түсіп, оны үздік тәмамдайды.

Тамыздығын тапсаң, тас та жанады

Қазақтың халықтық зергерлік өнері ұлттық мәдениет тарихынан ерекше орын алады. Сан ғасырдың сарабынан өтіп, біздерге қаймағы бұзылмай жеткен халқымыздың қастерлі де дәстүрлі қолөнері көптеген салаға бөлінеді. Солардың бірі – түрі жағынан да, мән-мазмұны жағынан да аса бай, шоқтығы биік тұрғаны – зергерлік өнер. Сондықтан, Ертай Алтайұлы жоғары оқу орнын тәмамдай сала, зергерлік өнерді бүге-шүгесіне дейін зерттеп, үйренуге бел буады.

- Оқуды бітіргеннен кейін, алған білімімді азсынып, әрмен қарай дамытсам деп, Серікқали Көкенов деген зергер ағамызға барып, бір жыл көлемінде соның қарамағында жүріп бұл өнерді үйрендім, - дейді Ертай Алтайұлы.

Зергер болу оңай жұмыстардың бірі емес. Оған да шыдамдылық, тыңғылықтылық қажет.

- Шыдамдылық, төзімділік керек. Адамның денсаулығына да зиян келеді. Өйткені бұйымдарды тазалау барысында газ да, шаң да жұтамыз. Отпен жұмыс істеген кезде шеберхананың іші 40-45 градусқа дейін ысып кетеді. Мұның барлығы ұзақ уақыт алады. Сондықтан зергерлік бұйымды әзірлеу оңай жұмыстардың бірі емес, - деді Ертай Сарсенов.

Зергердің айтуынша, бір білезікті таңнан кешке дейін отырып әзірлеу үшін 3 күн кетеді.

-Зергерлік бұйым әзірлеудің қай бағытын таңдамасақ та, барлығы қазақтың қанында бар бағыт. Қазақтың оюын қазіргі таңда ғалымдар 4 топқа бөліп отыр. Оның барлығы менің жұмыстарымда бейнеленеді, - деп атап өтті зергер.

Зергерлік өнерді меңгеріп болғаннан кейін, Ертай Сарсенов өзінің кіндік қаны тамған туған ауылына келіп, жұмысқа орналасады.

Күмістің жолы жеңіл

Зергер өз бұйымдарын тек күмістен ғана жасайды.

- Қазақта алтынның жолы ауыр деген сөз бар. Осы алтынның жолында қаншама адам көз жұмды. Күмістің жолы жеңіл. Оның үстіне қазақ қашан да күмісті жоғары бағалаған. Шарғаттың өзінде алтын дәретсіз металл, күміс дәретті металл деп көрсетілген, - деп атап өтті Ертай Алтайұлы.

Әлемдік ғалымдар алтын мен күмістің құрамын қатар зерттеген екен. Зерттеу нәтижесі де зергердің таңдауының дұрыстығын бірнеше қайтара дәлелдеген.

- Бір алтында 1 500 түрлі зиянды бактерия бар. Соның 600 түрін күміс өлтіруге қауқарлы. Алтынның құрамында улы заттар мен радиация да кездеседі. Ал әйелдің денесінде алтынның жағымсыз жақтарына жол бермейтін белгісіз күш қалыптасқан, - деп өзінің алтынға қатысты пікірін білдірді.

Сондықтан бүгінгі таңда зергер өзінің туындыларын тек күмістен және тек қазақы нақышта әзірлейді.

Ал күміс бұйымдарға арналған тапсырыс әлеуметтік желі арқылы еліміздің әр өңірінен келіп түсуде. «Қазпоштаның» қолдауымен зергерлік бұйымдар еліміздің әр түкпіріндегі иелеріне жол тартып отыр.

Қоңыр үнді қобыздар әзірлейді

Қобыз - бағзыдан келе жатқан таңғажайып аспап. Сондықтан домбыра емес, қобыз жасауға деген құмарлығы ұзақ толғаныстың арқасында, даралану мақсатында пайда болған екен.

- Оқу бітіріп, дипломдық жұмысты жазар кезімде мен қатты ойландым. Жергілікті университеттің музейіне кіріп, музей қызметкерінен бізге не жетіспейді деп сұрағанымда «бізде нар қобыз жоқ» деп жауап берді. Содан өз ұстазыма келіп, қобыз жасауда маған жетекшілік етуін сұрап, өзімді ұсындым. Осылайша, дипломымды қорғап шықтым, алғашқы қобызымды да жасадым, - дейді Ертай Алтайұлы.

Алғашқы жасаған қобызы өзі білім алған оқу орнының мұражайына тапсырылып, артынан талай байқауларда жүлделі орындарға ие болған екен.

Шебердің қолынан туған қобыздар тек музыкалық аспап түрінде ғана емес, үйге арналған жәдігер ретінде де тұра алады. Өйткені шебер қобызды тұғырымен қоса жасайды.

- Қобызды қатты ағаштардан жасайды. Біздің Үржар ауданында қара ағаш көп және оның құрылымы өте әдемі. Сондықтан мен өз қобыздарымды қара ағаштан жасаймын, - дейді шебер.

Нар қобызды дайындауға 1 жыл уақыт кетсе, қыл қобыз 3 айдың ішінде әзірленеді екен.

- Қобызға деген тапсырыстың басым көпшілігі Алматы қаласынан келіп түседі. Кейбір тұрғындар оны сый ретінде де жасатады, - деп атап өтті шебер.

Шәкіртсіз ұстаз – тұл

Ұстаны соққан пышағынан таниды деп жатады қазағымыз. Қазіргі заманның қолөнер шеберлерінің әр біреуінде өздерін ерекшелеп көрсететін таңбалары болады. Алайда жас өнерпаз 8 жылдық тәжірибесін артта қалдырып, енді ғана өз туындыларына қолтаңба қою жөнінде ойлана бастады.

- Жұмысты бірден бастап, өз қолтаңбаңды қою, бұл шыңдалмаған жұмыс деп есептеймін. 8 жылда өзімді шыңдадым, өз туындыларыма енді қолтаңба қоюға болатын шығар. Әірге ойланып жүрмін, - деп атап өтті Ертай Сарсенов.

Өз білімін шыңдап, ауылға оралған тұста Ертай Алтайұлы жергілікті мектепке еңбек пәнінің мұғалімі болып орналасып, шәкірт тәрбиелей бастайды. Өз білгенін бір ғана балаға емес, бірнеше сыныпқа қатар үйретеді. Ұстазының ақылына құлақ асып, білгенін тереңдете түсу үшін бір шәкірті өзі оқыған оқу орнына тапсырып, шеберлігін арттыруда.

- Қазіргі уақытта шеберханадағы көмекшім, шәкіртім өзімнің бауырым. Ол да зергерлік бұйымдарды да тез жасап шығарады. Бар білгенімді үйретіп жүрмін, - деді шебер.

Өзінің мектептегі жалақысын жинап, ауылында арнайы цехін ашқан шебер «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық-көрме байқауының «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясы бойынша үздік танылып, республикалық байқауға жолдама алды.

Ақерке Рағызбаева
Следующая →
Тақырыптар: Өнер