Тәннің тәуекелі - тату
«Сән – құрбандықты талап етеді» деуші еді. Ішкі жан дүниесінің талаптарын қанағаттандыру үшін көптеген адамдар ерекшеленіп көрінуге асық.
Біреулер өнермен, біреулер ақылмен, енді бірі сән жолымен жүргенді құп көреді. Міне, бүгінгі сән дәстүрлерінің біріне татуировканың айналғанына қай заман.
- Білуімше татуировка жасау өте көне өнер. Бұл Жапония мен Америкадағы ежелгі мамыр дүниелерімен қатар келген. Ол кезде діни наным-сенім қағидасы немесе әлеуметтік деңгейдің сатысын ерекшелеу мақсатында бейнеленсе, татудың бүгінгі мәні көп жағдайда сән тұрғысында көрінеді. Дегенмен, кез-келген татуировканың да бүгінгі күні өзіндік мәні болады, - дейді көркем тату салонының қызметкері Евгений Сиренко. – Тату жасату үшін арнайы мекемелерге барған дұрыс, біз құралдарды бір-ақ рет пайдаланамыз. Ал қолдан тату жасайтындар бір инені бірнеше рет пайдаланады. Оның қауіптілігін түсіну қажет.
Шынымен, бүгінгі жастардың арасында тату жасатудың кең тарағанын мойындау керек. Оған әртүрлі себептер табылып жатады, мысалы, шетел әншілеріне еліктеу, өзінің болмысын, күшін көрсету мақсатында да жасайтын көрінеді. Бірақ оның өз ауыртпалықтары бар.
* Адамның шыдамдылығына байланысты бір татуды жасату үшін кем дегенде 3-4 сағат кетеді. Бұл жұмыс денені біраз ауыртады, сондықтан кейде біреу төрт сағатта жасатып кетіп қалса, екіншілері екі-үш күн жүруі мүмкін. Арқасына тегіс тату жасатып жүрген бір адам бар, міне, ол жұмыстың жалғасып келе жатқанына қарашада бір жыл болады. Үзіп-үзіп келіп тұрады, - дейді Евгений Сиренко. - Әрине, тату жасатып алып өкініп жататындар да бар. Өздері алып келген суреттерді, жазбаларды салып беруін сұрайды. Мен оларға бұл ойларынан бас тартуларын сұраймын.
Адамның денесі өзгермелі, жас өзгерген сайын оның тәні де өзгеріске ұшырайды. Тән 23 жасқа дейін дамитыны ғылыми дәлелденген факт. Бірақ қай жасқа толсаң да, оның өзгеріске ұшырамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды
- Суреттер анықтығын жоғалтуы мүмкін деп кеңесімді айтамын, көнбей отырып салғызады. Мен не істеймін? Клиент әрқашан дұрыс айтады. Бірақ кейін, өшіртуге де келіп жатады. Бұл, әсіресе, жасөспірімдерге қатысты, 18-ге толмаса да ата-анасын ертіп келіп салғызады. Баласының бұл ойына қарсы шықса да, көнбейтінін көріп, сабағыңды жақсы оқысаң салғызасың дейтін ата-аналар бар. Жас балаға онда тұрған не бар, бар күш-қайратын жұмсап сабағын түзейді, ал ата-анасына уәдесінде тұруға тура келеді. Ал, жыныстық жағынан есептейтін болсақ, тату жасатуға қыздар ұлдарға қарағанда көптеп келеді. Өшіру үрдісі де ауыртпалы келеді, қарттарға бұл әлдеқайда ауыр болатыны анық, - дейді Евгений Сиренко.
Бір қызығы, маманның айтуынша, тату жасатуға тек жастар ғана емес, 40-50 шамасындағы адамдар да келеді екен. Бұл, өмірге деген көңілді
көзқарас па, әлде арманға қол жеткізудің кеш еместігі ме, ол тату жасатушылардың өз жұмбағы болар. Дегенмен, тату салудың өз тәуекелі барын да ұмытпаған дұрыс.
- Татуировка жасау процедурасы қауіпті, егер ол жалпы залалсыздандырылмаған құралдармен жасалса, - дейді Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалия Жуасбаева. – Бұл жағдайда залалсыздырылмаған өткір құралдарда (татуировка жасау инесінде) жұқтырылған адамның қанының қалдығы болса, тері қабатының бүтіндігі бұзылған кезінде жұқтырылады. Залалсыздырылмаған құралдарда В мен С гепатиті, АИТВ жұқпасының вирусы қанның іздерінде болуы мүмкін. Татуажды салып болғаннан кейін қолданылатын бояма сұйықтық терідегі аллергиялық дерматитке немесе экземаға әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан созылмалы тері ауруларымен ауыратын тұлғаларға тату салу ұсынылмайды.
Татуды теріге инемен тікелей қатынас арқылы жасалатыны баршаға мәлім. Мұның қауіптілігін дәрігер маман да ескертеді.
- Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы сарапшысының мәліметтері бойынша АИТВ жұқпасын татуировка жасау кезінде 0,2-0,3 % жұқтыруы мүмкін, - дейді Ғалия Жуасбаева.
Айдос Мырзахметов