Қалың жауған қар ма, биліктің әрекетсіздігі ме?
Өскемен қаласында бір аптаның ішінде үш айлық қардың мөлшері жауып, халықты әбігерге салды.
9 қарашада жауа бастаған қар күз мезгілінде келген қыстың алғашқы жаршысы болды. Себебі осы күннен бастап, қар ерімей, керісінше күн суытып, қыс қаһарына енгенді.
Қысқа дайынбыз ба?
9 қараша күні ұлпалап жауа бастаған қардың салдары әлі жойылған жоқ. 10-12 қараша күндері жұмысқа трамваймен баратын жұрт автобус аялдамаларына қарай ағылды. Өйткені қар 40 см жауған, ал трамвай рельстері ол кезде тазаланып үлгермеген. Жолдардың тазаланбауы тек трамвай жолаушыларын ғана емес, автобустардың да жолаушыларына ыңғайсыздықтар әкелді. Көліктердің барлығы омбылаған қарлармен өздері жүріп, жол салды. Соның салдарынан көлік кептелісі де аз болмады.
- Қар жауа бастаған күні маған Күленов кентінің тұрғындары хабарласып шағымдана бастады. Мен қалалық ТҮКШ бөліміне хабарластым, нәтижесіз болды. Кейін қала әкімінің орынбасарына хабарласып, жағдайды түсіндіргеннен кейін, біздің күшімізбен бұл жол кешкі 20.00 шамасында тазаланды, - дейді Өскемен қаласының өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Серік Оразбайұлы.
Көк тайғақта жолаушылар құлап жығылып жатса, көліктер бір-бірімен соғылысып жатты. Қоғамдық көліктердің біразы оталмай, тасымалдаушы автобустардың саны азайды.
- Өскемен қаласы қысқа дайын емес. Тендерді ұтып алған компанияларда тазалайтын көліктер аз, жартысы жөндеуде тұр, грейдерлер мүлдем жоқ. Жаз кезінде өзін-өзі басқару комитеті қалалық ТҮКШ басшылығына жиналып, қысқа дайындығымызды талқылайық, мәселелер болса шешейік деген ұсынысымызды жауапсыз қалдырды. Нәтижесін өзіміз көріп отырмыз, - деп қосты Серік Оразбайұлы.
Петиция жазылды
Қар тазалаумен айналысатын мекемелер қарды тазалап, шығарып үлгермей жатты. Коммуналды мекемелердің мұндай жұмыстарына халықтың көңілі толмай, олар тіпті примьер министрге питиция жазып, оған бір мыңнан аса тұрғын қол қойып үлгерді.
Петицияда Өскемен қаласында 9-13 қараша аралығында орын алған барлық жағдай баяндалып, бірқатар сұрақтарын қойды. Оның ішінде қазан айында айтылған қар тазалаушы көліктердің қайда жоқ болып кеткендігі, неге көше қарлары жауған кезден емес, бір күн өткеннен кейін ғана тазалана бастады, неге әкімдікте жолдардың тазаланып жатқандығы жайлы айтқанымен орталық және жанама көшелерде әлі де
сол қардың жатқандығы туралы көтеріліп, Өскемен қаласындағы жолдарда төтенше жағдайды қалыптастырған тұлғаларды жауапқа тарту мәселесі жазылды.
Алғашқы қардың салдары
Айналдырған бір аптаның ішінде облысымыздың құтқарушылары 150-дей адамды қар құрсауынан шығарып, алғашқы көмектерін көрсетті. Бұл жағдайлар әсіресе Өскемен - Семей, Өскемен - Самар, Бесқарағай, Семей - Алматы бағыттарында орын алды.
- Бесқарағай ауданында «Семиярка-Қарабас» ауылдарының ортасында 15 жеңіл автокөлік пен 79 адамға көмек керек болды. Ең бірінші әйелдерді «Кунг» техникасының көмегімен жылы жерге жеткізсек, құқық қорғау органдарымен бірлесе, бірнеше сағаттың ішінде жолдарды тазалай отырып, қалған көліктерді шығардық, - деді ШҚО ТЖД баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар, Зырян қаласы мен Ұлан ауданында да құтқарушылардың көмегіне зәру болып қалған тұрғындарға да көмек көрсетілді.
Қазіргі таңда травматология бөлімдерінің дәрігерлерінің жұмысы да екі есеге көбейіп отыр.
- Жай күндері бізге тәулігіне 45-50 адам түссе, қазір олардың саны 70-тен артып жетіледі. Оның барлығы аяқжолдардың, жолдардың тазаланбауының салдарынан. Келіп түсіп жатқан науқастардың жарақаттары әртүрлі болғанымен олардың барлығы қаланың коммуналды қызметшілердің жұмысына қанағаттанбай отыр, - деп атап өтті Өскемен қалалық №1 ауруханасының амбулатория бөлімінің меңгерушісі Валерий Сергеевич.
Дәл осындай жағдай қаламыздағы №2 ауруханада да орын алуда.
Қалалық әкім не дейді?
Бүгінгі таңда Өскемен қаласында тәулігіне 151 техника жұмыс істеуде.
- Біздің 111 техникамыз және біздің өтінішіміз бойынша тағы 40 техника қала көшелерін қардан тазарту мақсатында жұмыс істеп жатыр. Олардың 69-ы түнде, 82-сі күндіз жұмыс істейді. Барлығы 6700 шаршы метр қар тазаланып шығарылды, - деді Өскемен қаласының әкімі Ерлан Аймуқашев.
Ал БАҚ өкілдеріне «қалада 144 техника қарды тазалауға дайын, оның ішінде 19 автогрейдерлер бар» деп сұхбат берген "Өскемен-Тәртіп" коммуналды мекемесінің басшысы жалған ақпараты үшін өзінің жұмысымен қош айтысты.
- Жалған ақпаратты айту арқылы сұхбат берген басшы өзіне лайықты жазасын алды, - деп қосты Ерлан Қапарұлы ШҚО әкімінің аппараттық отырысы барысында.
Облыс басшысы Даниял Ахметов Семей және Өскемен қалаларының әкімдеріне жолдарды қардан тазалау жұмыстарын күндіз де, түнде де, тоқтаусыз жүргізу керектігін тапсырды.
Ақерке Рағызбаева