Глубокое ауданының мәдени күндері өтті
Глубокое ауданының мәдени күндері аясында тұсауы енді кесілген «Ұшқын» театрының премьералық қойылымы көрсетілді
Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысовтың мұрындық болуымен құрылған театр алғаш рет облыс орталығында өздерінің тарнақалды қойылымдарын жұрт назарына ұсынды.
- Биыл аудан тарихында бұрын-соңды болмаған театр алғаш рет ашылып отыр, - дейді «Ұшқын» театрының жетекшісі Әскербек Омарханұлы. - Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай алғаш сахналап отырған қойылым - драматург Серік Асылбекұлы «Желтоқсан түні» спектаклі.
Пьесада 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде бір отбасы бір түн ішінде бастан кешкен аласапыран оқиға суреттеледі. Алматыдағы желтоқсан оқиғасынан сыр шертетін қойылым Металлургтер мәдениет үйінде сахналанды. Қойылым желісі бойынша Алматының орталық алаңында күшпен басылған демонстрациядан қашып шыққан қыз бен жігіт кездейсоқ бірінші кезікке үйден пана сұрайды. Өзі де Кенесары-Наурызбай көтерілісі туралы ғылыми зерттеу жазып, 10 жыл Сібірде қамауда отырып келген үй иесі Баймырза түн ішінде есік қаққан қыз бен жігітті кіргізгісі келмей тайсақтаса да, пана сұраған екеуді қуып шығуға дәті бармайды. Күйеуінің совет өкіметінен жапа шекккенін жақсы білетін әйелі алаңда соққы жеген екі жасты үйге кіргізген күйеуінің ісіне амалсыз көніп, оларды түн ішінде есік қағып келген көршіден де тасалауға тырысады. Драматург Серік Асылбекұлының пьесасының шарықтау шегі – «компартия, билік үшін ұлтын да сататын, араққа тойып жүрсе де, өзін қарапайым адамдардан бір саты жоғары қойып, интеллигенция өкілімін» деп санайтын тағы бір қонақтың пана іздеп келген екі жасты жазалаушыларға ұстап берген сәті. Осынау шиеленіске толы оқиғаны тәжірибесі аз болса да театр ұжымы жоғары деңгейде сахналап, ел көңілінен шыға білді.
Айта кетейік, ел тарихында ойып тұрып орын алған, қазақтың жалынды жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісіне биыл 30 жыл болады екен.
Енді ғана құрылса да, ұжым гастрольдік сапармен Ұлан ауданын аралап шыққан. Халықтың қошеметіне бөленіп үлгерген театр алдағы уақытта 16 желтоқсанға дейін тағы да Шемонаиха, Жарма, Аягөз, Үржар аудандарына баруды жоспарлап отыр.
- Жалпы театр ұжамында сегіз актер қызмет етеді. Оның үшеуі Ресейден режиссерлік мамандықты игеріп келсе, тағы екі актер сырттай білім алу үстінде. Алдағы уақытта да тағы екі актер Ресейге барып білімдерін толықтырмақ, - дейді театр жетекшісі.
Қалихан Байғозыұлының тікелей қолдауымен ашылған театр – жастар
театры.
- Себебі біздің басты контингентіміз – жастар мен балалар. Осы сынды қызықты қойылымдармен қатар, театр ұжымы болашақта ертегілерді де қолға алмақ, - дейді Глубокое аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейрамғали Дәрменқұлов.
Өкінішке орай, Глубокое ауданында мәдениет үйі де, театр қойылымдарын қоятын лайықты сахна да жоқ. Дегенмен, шын өнер өлмек емес. Әзірге театр өз жұмысын балалар шығармашылық үйінің сахнасында ел назарына ұсынып жүр. Айта кетейік, биыл аудан бюджетінен театр реквизиттері, бутафориясы мен актерлердің костюміне 200 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген екен.
- Аудан әкімі мәдениет саласына әрқашан жақсы қолдау көрсетеді, - дейді Мейрамғали Қадырбайұлы. - Әкімшілік тарапынан 2017 жылғы жоспарда жаңа мәдениет үйін салуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Шағын ЭКСПО-2017
11-12 қараша күндері «Туған жер – алтын бесігім» акциясы аясында Глубокое ауданының Өскемен қаласындағы мәдени күндері өткен болатын. Театр қойылымнан кейін, Глубокое ауданының өнерпаз жастары концерттік бағдарлама ұсынды.
«Бүгінгі тәуелсіздік – ғасырларға мұра» атты концерттік бағдарламада ауданнан үш жүзден астам өнерпаз қатысты.
Концерттің алдында мәдениет үйінің фойесінде Глубокое ауданы оқушыларының қолдарынан шыққан үздік техникалық туындылар таныстырылып, «Болашақтан келген қонақтар» атты ғажайып ғарыштық қойылым көрсетілді.
Глубокое ауданында қосымша білім жақсы дамыған. Жас техниктер станциясы, балалар шығармашылық үйі мен бес музыкалық мектеп бар. Халық назарына ұсынылған өндірістік құрылғылардың барлығын оқушылар өз қиялдарына жан бітіре отырып жасаған, - дейді Глубокое аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Қалынов.
Мәселен, «Биогазды үй жағдайында дайындау» экспонаты үй жануарларының тезегін жағу арқылы экологиялық таза газ алуға мүмкіндік берсе, «Көмір экструдерін», яғни, көмірден қалған күлді сумен араластыра отырып, арнайы тартқыштан өткен түйіршіктерді отын ретінде пайдалануға болады. Осы сынды күн батареясының көмегімен жылытылатын себезгі де, бедерлі тұқым жасайтын құрылғы да баламасы жоқ құрылғы. Айта кетейік, құрылғыларды келушілерге оқушылар үш тілде таныстырды.
Артынша аудан өнерпаздары асқақтата әуелеген ән мен мың бұралған би, күмбірлеген күйден шашу шашты. Сонымен қатар, концерт барысында биыл өздерінің 25 жылдық күміс тойларын атап өтетін Глубокое ауданының отбасылары ерекше құрметке бөленді. Тәуелсіздікпен тел өскен, 25 жыл отауласқан жұптарға аудан әкімінің сыйлықтары табысталды.
Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына қарсы біздің отауда да осындай айтулы оқиға орын алып отырғанына қуаныштымын. Шынын айту керек, үлкен сахнаға шақырып, сыйлық табыстап, құрметке бөленеміз деп ойламадық. Күтпеген жерден қуанышқа бөлеген аудан әкімшілігіне алғысымды білдіремін. Қазақ еліміз жасай берсін, жастар шаңырақ көтеріп, үлкен отбасылар көбейе берсін, - деп тілегін білірді көп балалы ана Рысгүл Асанбаева.
Глубокое ауданының табиғи өнімдері қолжетімді бағамен
Сенбі күні таңғы сағат 9.00-ден бастап «Фреш маркет» супермаркеті алдында Глубокое ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Облыс жұртшылығы осы жерден ауанның селолық округтарының өнімдерін қолжетімді бағада сатып алуға мүмкіндік алды. Бұл кәсіпкерлер үшін де өте тиімді шара. Өйткені осы жерден олар өз өнімдерін делдалсыз саудалай алады.
Жалпы жәрмеңкеге 7 тонна ет өнімі, «Шахан ата» наубайханасының нан өнімдері, жеміс-жидек және көкөніс, ұн, макарон, бал, тауық, балық өнімдері мол әкелінді, - дейді Глубокое ауданы әкімінің орынбасары Александр Брагинец. - Тұрғындарды арзан бағада азық-түлікпен қамтамасыз етуге тырыстық. Черемшанканың саңырауқұлақ, тұздалған өнімдері, түрлі дәрілік өсімдіктерін ала келдік. Глубокое және Белоусовкадағы жергілікті орындарда да жиі өткізіп отырамыз.
Айта кетейік, көкөністер келісі 50 теңгеден саудаланса, өсімдік майының 5 литрі 1450 теңгеден, жылқы етінің бағасы 1000 теңге, қарта 1500 теңге, жая 2000 теңге, ал қойдың сан еті 950 теңгеден, ірі қараның сан еті 1100 теңгеден бағаланды. Одан өзге, құрт, талқан, ірімшік сынды ұлттық тағамдардың да бағасы көңілге қонымды.
Назерке Каримова