Өскемен
ясно
+9°
  • Өскемен
    +9°
  • Алматы
    +10°
  • Астана
    +13°
  • Ақтөбе
    +19°
  • Актау
    +22°
  • Орал
    +21°
  • Қарағанды
    +9°
  • Көкшетау
    +14°
  • Қостанай
    +16°
  • Қызылорда
    +17°
  • Павлодар
    +11°
  • Петропавловск
    +15°
  • Тараз
    +8°
  • Туркестан
    +22°
  • Шымкент
    +11°
$
443.35
475.54
¥
61.18
4.82
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Газета Газета

Көпбалалы отбасы саяжай жағалауға мәжбүр

Өскемен қаласында көпбалалы отбасы Понтон көпірі аумағындағы саяжай кооперативінің қарауылына арналған бір ғана бөлмелі үйін үш жылдан бері паналауға мәжбүр

Өйткені отағасы сол аумақтың қарауылы болып орналасқан. Отбасы үш жыл бұрын Аягөз ауданынан көшіп келген.

- Мен осы «Светоч» саяжай кооперативінде қарауыл болып істеймін, - дейді отағасы Ержан Дүйсенбаев. - Зайыбым қазір баламен үйде отыр. Декреттік демалысқа дейін кірпіш зауытында жұмыс істеген. Менің айлығым былтыр 25 мың еді, биыл 30 мыңға артты. Бұл айлығым күнделікті азық-түлік пен жол жүруден артылмайды.

Осыдан он жыл бұрын шаңырақ көтерген отбасы бүгінде төрт бала тәрбиелеп отыр. Екі баласы №15 орта мектебінде 1 және 2-сыныпта білім алып жатса, үшінші ұлы 4 жаста, кенжесі жасқа толмаған.

- Айлығы көбірек жұмыс іздейін десем, қазір осы жерде қарауыл болып жұмыс істей отырып, баспана да тегін беріліп отыр. Егер басқа жерге жұмысқа орналасып жатқан күннің өзінде айлығы 50-60 мыңнан аспайды ғой. Сосын бұл жердегі қарауыл қызметін атқара алмай, аядай болса да, үйден айырылып далада қаламын, - дейді көпбалалы әке.

Қарауыл болғандықтан қысқы отыны кооператив қаржысына сатып алынады екен. Сонымен қатар, жарық үшін төлемнің де біраз бөлігі жеңілдік етіледі. Дүйсенбаевтар үкіметтен көпбалалы отбасылар үшін ай сайын берілетін жәрдемақыны да ала алмайды. Өйткені отбасы мүшелері толық тіркеуде жоқ.


- Мен өз апайымның үйіне тіркеуге отырғанмын. Қазір ол үй басқа адамдарға сатылып кетті. Дегенмен әлі де сол үйде тіркеуде тұрмын. Ал жолдасым әлі сол Аягөздегі үйде тіркелген. Үкімет жәрдемақысын алу үшін төрт балам да мен отырған жерде тіркеуде болуы керек екен. Ал бұл еш мүмкін емес болып тұр.

Отбасының қазіргі тұрып жатқан бір бөлмелі үйі көлікжайдың үстінен тұрғызылған. Өйткені бұл аумақты көктем кезінде өзен суы жайылған уақытта толығымен су алып кетеді. Ал автобус аялдамасына жету тіпті мұңға айналған.

- Кооператив басшысы қазіргі үйдің маңындағы жер телімін үй салып алу үшін беретіндігін айтқан, - дейді Жазира Дүйсенбаева. - Алайда, ол жер еңісте орналасқандықтан су басу қаупі жоғары. Басшылық ол үшін әкімдіктің жауап бермейтіндігін де жеткізген. Ол жерге үй салып алып, кейін су басып кетсе, пайдасы қанша?

Аялдамаға жетер жолдың алыстығы бір мәселе, қыста қалың қардан жол болмай қалса, көктем, күзде балшықтың кесірінен ары-бері қозғалу да мүмкін емес. Биылғы қалың жауған қарашаның қары да қиыншылығын туғызбай қоймады. Кейде, тіпті, жолдың болмауы салдарынан балалар мектепке де қатынай алмай қалады екен.

- Аділхан Ержанұлы менің сыныбымда оқиды, - дейді №15 орта мектептің 2-сынып жетекшісі Райгүл Альханова. - Ағайындылардың сабақты жиі босататындығы байқалады. Олардың айтуынша, аялдамаға жетер жол болмайтын, тіпті, кейде автобустардың тоқтамай өтіп кететін кездері де болады екен. Одан өзге, отбасының тұрмыстық жағдайы нашар болғандықтан, анда-санда балаларды сабаққа жіберуге ақшалары да болмай қалады. Сол үшін мектепте ұйымдастырылатын қайырымдылық акцияларымен көмектесіп тұрамыз. Киім-кешек, азық-түлік, оқу құралдары түрінде де жиі көмек беріледі.

Ал 1-сыныпта оқитын Нұржанның сыныбы бірігіп, отбсына ұялы телефон алып берген.

Жалғыз айлыққа қарап отырған алты адамнан отыз мыңның артылмақ түгіл, жетпейтіні айтпаса де анық.

- Бізге демеу болғаны, екі балама да мектепте бір рет ыстық тамақ беріледі. Оның өзі үлкен көмек. Сонымен қатар, материалдық көмек те көрсетіп жатыр. Алғыс айтамыз, - дейді Ержан Дүйсенбаев.

Ерлі-зайыптылар үш жылдан бері еш қайда көмек сұрап барып көрмегендіктерін алға тартады.

- Аягөзде де тұрғылықты жеріміз жоқ, пәтер жалдап тұрып жаттық. Сегіз жылдай Аягөзде шартты әскери қызметкер болып қызмет еттім. Өскеменге алдымен ата-анам көшіп келген болатын. Шартты мерзім аяқталған соң қызметімді ары қарай жалғастыруға мүмкіндік болмады. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық заманында барлығын ақша шешеді ғой. Қызметімді ары қарай жалғастыру үшін басшылықтың сұраған қаржысын тауып бере алмадым, - дейді көпбалалы әке.

Сөйтіп, облыс орталығында екі қолға бір күрек табылар деген оймен отбасы ата-анасының артынан Өскеменге көшіп келеді. Мұнда құрылыста да, базарда да нәпақасын тауып, күнкөріс қамын жасап келген.

- Алдымен пәтер жалдадық. Кейін біріне тартсаң, біріне жетпей қиналып жүрген уақытта саяжайға қарауыл қажет деген хабарландыруды оқып, осылайша осы жерге көшіп келдік, - дейді Ержан Дүйсенбаев.

Тұрғылықты тіркеуі жоқ болғандықтан отбасы осынша уақыт өздеріне тиесілі заңды жәрдемақыдан да қағылып келеді. Елімізде, тіпті, қысылған сәтте көмек сұрап қайда барарларын да білмейтін отбасылар қаншама.

Айта кетейік, осындай тұрмыстық жағдайы нашар отбасыларды қолдау үшін елде «Өрлеу» бағдарламасы жұмысын бастаған. Әлеуметтің әлеуетін көтеретін жобаға кез келген азамат қатыса алады. Яғни, бағдарламада тұрмысы төмен отбасыларға арнайы жәрдемақы белгіленіп қана қоймай, жұмыспен қамту да көзделген.

- Бағдарламаның арнайы шартында көрсетілгендей, қаржылай көмекке қол жеткізу үшін отбасы арнайы тіркеуге тұрады, - дейді Өскемен қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау орталығының маманы Айнұр Кабдешова. - Ал екіншіден, отбасының ай сайынғы табысы күнкөріс деңгейінің алпыс пайызынан төмен болуы шарт. Яғни, отбасындағы бір адамның басына шаққанда ай сайынғы кіріс көзі 14115 теңгеден аспауы керек.

Маманның айтуынша бағдарламаға қатысудың арнайы шарттары бар. Ол үшін үмітті отбасы өзі орталыққа келіп, мамандар кеңесіне жүгінгені жөн.


 Ерке Мұхаметкәрім
Следующая →