Бұлдыр да бұлдыр, бұлдыр күн...
30 жыл бұрын елімізді дүр сілкендірген жастардың дүмпуі орын алды. Бұл дүмпу сол кездегі Кеңестік Одақтың ыдырауына себеп болған алғашқы баспалдақтардың бірі еді.
1986 жылдың 16 желтоқсанынан бастап кеуделерінде намыстары жалындаған барша қазақ жастары өздерінің қайтпас қайсарлықтарын таныта білді. Алматы қаласынан бастау алған мұндай көтерілістер Өскемен, Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан қалаларында жалғасын тапты.
«Берсе қолынан, бермесе жолынан» деген жастардың шеруін сол кездегі билік басындағылар қайшы әрекет ретінде қабылдады. Он томдық «Конституциялық Соттың желтоқсан оқиғасы туралы ісіндегі» деректер бойынша бұл оқиғаға қатысып, соның салдарынан сотталғандардың саны жүз адамнан асты. Олардың қатарында қазақтың жас арулары да болды.
Өң бойы өжеттілікке толы болды...
Бұл көтерлісті көзімен көрген жандар да, көтерліске қатысқан жастар да бүгінгі күні біздің ортасызда жүр. Олар сол кездегі желтоқсан оқиғасына қатысты. Олар да тергеуге алынып, жауапқа тартылды. Олар да оқудан қуылды. Оларға да «ұлтшыл» деген айып тағылды. Бірақ өскемендік жастардың басым бөлігі Сәбира Мұхамеджанованың жасаған әрекетінен кейін ақталып шықты.
Сәбира Мұхамеджанова 1970 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақмектеп ауылында дүниеге келген. 1977 жылы «Ленин жолы» сегіз жылдық мектебінің 1-сыныбына оқуға қабылданып, 1984 жылдары осы мектепті «өте жақсы» деген бағамен үздік бітіріп, 1985 жылы Өскемен педагогикалық училищесінің бастауыш кластарға мұғалімдер даярлайтын қазақ бөліміне оқуға түседі. Мектепті үздік бітіргенімін, училищеде елдің алды да, арты да болмай, орта деңгейде оқиды.
- Оқу үлгерімі бір бөлек қой. Біздің Сәбира өжет, ер мінезді, тік сөйлейтін, өзінің ойын ішінде жасырып қалмайтын, батыл жан болды. Талабы биік, өзінің ойын анық жеткізе білетіндердің қатарынан еді, - деп еске алады Сәбираның группаласы Еркежан Абдрахманова.
22 желтоқсан күні Педагогикалық училищенің екі қазақ группасы сабаққа бармай қалады. Олардың бойында жігерлері тасып, намыстары оянып, олар орталық алаңға шығып кетеді.
- 20-21 желтоқсан сенбі, жексенбіге түсіп тұрғандықтан мен ол күні туыстарымыздың үйіне кетіп қаламын. Сол күндері кешқұрым универститет студенттері жатақхана терезесінің астына келіп, орталық алаңға жиналуға шақырған екен. Студенттерге
кешке жатақхана ішінде жүруге рұқсат болмағандықтан хаттарын қасыққа байлап, бір-біріне терезе арқылы жіберіп, алаңға шығуға келіседі. Біз екінші ауысымда оқығандықтан түсте сабаққа жатақханаға келгенде ешкім болмайды. Барлығы алаңға кетіп қалған, - дейді Еркежан Жабайқызы.
Сол кездегі әрекеттерін дұрыс санаған студенттер сабаққа бармай, алаңға жиналған. Еркежан Жабайқызы да қалған группалас қыздармен сабаққа бармай, алаңға қарай жол тартқан екен. Алайда ол кезде алаңда ешкім болмаған.
- Артынан естуіміз бойынша орта алаңға біраз жастар жиналғанымен жастар жиналған екен. Алайда полицейлер келген кезде барлығы жан-жаққа қашады. Бірнеше адам ұсталып, қамауға алынады. Сол күні таныс қыздармен алаңға келгенімізде барлығы тарап кеткен екен. Біз небары 16 жастамыз ғой. Өз әрекетімізді терең түсінбесек те, дұрыстығына сендік, - дейді ол.
Сол күні жатақханаға қайтып келген жастарды кешке таман Педагогикалық училищенің бірінші қабатына жинап, бір-бірден тергейді.
- Жағдайдың барлығы ушығып тұрды. Бізді бір кабинетке кіргізіп бір-бірден тергеді. Мен көрген жоқпын, бірақ тергеуге бізден бұрын кірген қыздар Сәбираның «Мен жинадым, мен кінәлімін» деп барлығын өз мойнына алғанын естідім, - деп еске алады №3 мектеп лицейінің бастауышы сынып мұғалімі Еркежан Абдрахманова.
Тергеу амалдары бір аптадай жүргізілген екен. Студенттерден жауап алған соң, училишенің студенттерін жинап, сабаққа келмеген 60 шақты студентті оқудан шығару шешімі шығарылды.
- Ертеңінде бізді спортзалға жинап, барлық студенттердің алдында жиналысқа салып, әрекетіміздің ерсілігін айтып, оқудан шығарамыз деді. Асханада да «халлыққа қарсы шықты» деп бізге тамақ бермеді. Ата-аналардың барлығына балаларының оқудан шығарылатыны туралы телеграмма жолданды. Сол кезде Сәбираның анасы бірінші болып келді, - деп атап өтті Еркежан Жабайқызы.
- Сәбираның анасының қатысуымен жиналыс болды. Жиналыс аяқтала ол жатақханаға кіріп, 5 қабаттың терезесінен секіріп кеткен. Біз ол кезде екінші қабатта отырдық. Сондықтан тек бір нәрсенің жерге құлағанын ғана естідік. Ешкімді шығармай, бөлмелерде ұстап, «Сендердің Сәбираларын терезеден секіріп кетті» деп қана түсіндірді», - деп қайғымен жадында сақталған жағдайды баяндап өтті Еркежан Абдрахманова.
Сәбираның бұл әрекеті барлық жағдайды қайта қарауға жаңа мүмкіндік берді.
- Сәбираның терезеден секіруін ерлік деп білемін. Өйткені ол 60 шақты студентті оқудан шығарылудан алып қала білді. Соның арқасында бүгін біз мұғалім болып жүрміз. Қазіргі таңда да өз әрекетімізді дұрыс деп санаймын. Желтоқсан желін тыңдаған сайын жүрегім тебіреніп, көзіме жас аламын. Сол жастардың бойындағы жалындарының арқасында Тәуелсіздігімізге қол жеткіздік деп есептеймін, - деп түйіндеді өз сөзін Еркежан Жабайқызы.
Ерліктері елеңді...
Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары 1992 жылы 21 ақпанда Республика Жоғарғы
Соты Пленумының шешімімен түгелге жуық ақталды. Желтоқсан оқиғасының құрбандары Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбира сынды боздақтардың есімдерін білмейтін қазақ жоқ болар. Олар ақ қар, көк мұз құрсауындағы қызыл жағалылардың өрескел өктемдігіне қаймықпай қарсы тұра білді.
Бүгінгі таңда Сәбираның группасластары жыл сайын жиналып, ерлігі асқақ ер қызды еске алып, құран бағыштап отырады.
Сол кездегі жағдай Кеңес одағының ерден аспақ болса да, елден аспақ жоқ екенін түсіндіргендей болды.
Ерке Биғазина