Саналы ғұмырын салиқалы іске арнады
Ол батыр ана, зейнеттегі ұлағатты ұстаз, Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі, 24 немере мен 23 шөберенің ақ жаулықты әжесі
Нағима Сатыбалдина 1932 жылы ашаршылық кезеңінде дүниеге келіп, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылда ел қатарлы еңбек етіп, өмірдің ащысы мен тұщысының дәмін татып, аяққа тік тұрған жандардың бірі. Шығыс Қазақстан облыстық ұстаздар династиясының мүшесі. Өмірлік серігі Асқар Ислямов та Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі. Өзінің бар саналы ғұмырын білім саласы мен бала тәрбиесіне арнаған Нағима Сүлейменқызының өмірін тарихқа тең деп бағалайды.
«Жоқтан пайда болдым...»
1932-1933 жылдары Кеңес үкіметі шабындық және егістік жерлерді қайта бөліп, тәркілеп, азық-түлік салығын енгізіп, отырықшыландыру мен ұжымдастыру барысында халыққа зорлық-зомбылық көрсетіп, көп азап шеккізді. Сол кезде қазақтар бар дүниесінен, мал-мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылып, ашаршылыққа ұшырап, босқын күй кешкен заманда дүниеге келген Нағима Сүлейменқызы осынау қиын заманда өзінің өмірін сақтап қалған ата-анасына қайран қалатынын жеткізді.
- Менің өмірім ата-анамның еншісінде. Мені ашаршылықта қалай өсіріп жеткізді деп әлі күнге дейін қайран қаламын, - дейді Нағима Сатыбалдина.
Жас та болса, бала да болса, қиындықты көп кешті. Дегенмен, бұл жалғыз Нағима әжейдің басына түскен қайғы емес, дүйім жұртты дүрліктірген соғыс еді.
- Бар балалық шағым 7 жасыма дейін болды. 2-сыныпқа келген кезімде дүркіреген соғыс елге келіп, соғыстың ауыр азабын, жеңіл тозағын, халықтың көз жасын, қайғы-қасіретін көріп өстім. Бұл менің ғана емес, барлығының көрген нәубеті, - деп атап өтті Нағима Сүлейменқызы.
Адам қиындықты, қайғы-қасіретті көріп өссе, оның өмірге деген құлшынысы пайда болады. Нағима әжейдің де балалық кезінде көрген тауқыметі оны жетеледі, қайраттандырды, адамды жігерлендірді.
- Бірінші класта 30 бала болсақ, 10-сыныпқа келген кезде небары 9 бала қалдық. Жыл сайын бала азайып, жоқшылықтан, тамақтың тапшылығынан, аурудан қаза тауып жатты. Біздің жүрегімізге соның өзі ауыр тиетін, - деп атап өтті Нағима Сүлейменқызы.
Соғыс кезінде тылда жүргендердің жанына ең ауыр тиетіні, күнде тілеуін тілеп жүрген жақындарының енді келмейтіні туралы хабар есту, қара қағаз алу еді.
- Екінің біріне қара қағаз келетін. Көрші үйлер қабырғалас болатын. Сол кездегі аналардың жылаған зарлы дауысы, жоқтаған жоқтаулары менің санамда әлі күнге дейін сақтаулы, - деп еске алады Нағима әжей.
1943 жылы суық хабар Сатыбалдиндер әулетіне де келіп жетеді. Нағима Сүлейменқызы өзінің әкесіз қалғанын естиді.
- Әкем 1943 жылы соғыста қаза болды. Шешем шырылдап жүріп, ата-енесін, үш баласын өсіріп жеткізді. Анамның мойнына артылған жүктің ауырлығын мен де сезетінмін. Сондықтан оған барынша қолғабыс болуға тырыстым, - дейді ұлағатты ұстаз, батыр ана.
Соғыс жеңіспен аяқталып, жауынгерлеріміз елге оралып жатқан кезде Нағима Сүлейменқызы әкесінің қаза болғанын білсе де, үміт отын өшірмей, әрбір майданнан келушілерді тосып алуға шығып жүреді.
- Ең қиыны – біреудің әкесі, ағасы келіп жатқанда менің әкем келген жоқ. Халық қуанып, абыр-сабыр болып жатқан жерге екі рет бардым, менің әкем келушілердің қатарында болған жоқ. Үшінші рет үйге зар илеп келіп, тізерлей отыра жылаппын. Сонда атам мені аңдып жүретін. Мені құшақтап, «Бұл қайғы-қасірет бізге ғана келген жоқ. Сенің әкең ғана өлген жоқ. Талай елдің адамдары, жақындары мен туғандары қайтпай қалды. Енді сен жылап, ауруға шалдықсаң, мен уайымдап өліп қаламын ғой, сонда сені кім бағып-қағады» деді. Сол кезден бастап сабақ оқуды басты жолға қойдым, - деп атап өтті Нағима Сүлейменқызы.
Халқына пайдасын тигізер...
Соғыс аяқталғанымен, қалың жұрттың жүрегінде жара сақтаулы болды. Сондықтан сол кездегі мектеп бітірген жастар да, еліне, халқына пайдасы тиер мамандықтарды менгеруге тырысты.
- 10-сыныпқа келген кезде кластағы барлық балалар дәрігер боламыз деп шешіп, құжаттарымызды Алматы қаласындағы медициналық институтқа жібердік. Сондағы мақсатымыз халыққа көмектесу, септігімізді тигізу, - дейді Нағима Сатыбалдина.
Алматы қаласына оқуға аттанар алдында атасының ақ батасын алып, алдына қайтсем де жоғары білім иесі атанамын деп мақсат қойып жолға аттанды.
- Абыралы ауданында автобус жоқ, жүк тиейтін мәшинемен жолға аттанатын болдық. Қасымдағы балалардың көңілдері жайдары, жақсы киімдерін киіп алған, қолдарында үлкен-үлкен сөмкелері бар. Менің қолымда бір кішкентай ғана қолдан тігілген дорбам, оның ішінде бір көйлек, қалам, қарындаш және дәптерлерім, қалтамда малды сатып салып берген аздаған тиыным бар. Атам соның барлығын бақылап, жаныма жақындап «Балам, жоқпын деп саспа, әлі-ақ жетесің зейінің болса баста. Жеткен күнде бармын деп аспа, бармын деп таспа, мейірімді бол, қайырымды бол адамдарға, әдепті бол, тәртіпті бол, тілегің қабыл болсын, сабағыңды жақсы оқы» деген сөздері менің жадымды күні бүгінге дейін сақтаулы, - деп қосты Нағима әже.
Өкінішке орай, Алматы қаласындағы оқуын атасының қаза болуына байланысты тоқтатуға тура келді. Алайда тағдырдың жазғанымен, Алматыдан Семей қаласына жеткенде, жаңадан ашылған 3 жылдық мұғалімдер курсына тапсырып, оқуға түсіп кетеді.
- «Атаң қайтыс болды, оқуыңды тастайсың-ау», деген хат келген кезде жолдастарым Семейде жаңа оқу орны ашылғанын айтып, менімен бірге келіп, құжаттарымды тапсыртты. Кейін азын-аулық тиын-тебенім болсын деп, студенттер отрядына жұмысқа алынып, оқу алдындағы бір айымды сонда өткіздім. Енді қайтсем де қыста ауылыма барам деп ем, ол да болмай қалды. Ал келесі жылы бізді Өскемен қаласына ауыстырып жіберді. Топтан қалып қалмайын деп, тағы ауылыма бара алмай қалдым, - деп еске алады Нағима Сүлейменқызы.
Жақсы ауылға келген келін - келін
1946 жылдан бері туған жерін көруге мүмкіндігі болмай келген Нағима Сүлейменқызы оқу бітірерге үш ай қалғанда өзінің өмірлік серігін жолықтырады.
- Оқу оқып жүрген кезде көз қырын салып жүрген, бірақ білдіртпеген. Оқу бітірерге үш ай қалғанда маған көңілін білдіріп «Сен келіссең біздің елге барайық, ал сенің анаңа биыл бара аламыз деп айтпаймын. Бірақ келесі жылы міндетті түрде көшіріп аламыз» деген соң жат елге келін болып бардым, - дейді Нағима Сатыбалдина.
Жат елге, жат жерге келін болып түскен Нағима әже үшін барлығы, жері де, суы да, халқы да бөтен болды.
- Ақсақалым «Қандай жерге келдім деп ойлама, сен түбінде бақытты боласың, мен сені бақытқа жеткіземін. Осы сөзімді жүрегіңе сақта» деді. Сонда менің ойыма атамның мейірімді, қайырымды бол деген сөзі келді. Өйткені бұл маған оқу оқығаннан, емтихан тапсырғаннан да қиын болды. Әр адамға сыйластық танытып, оның мінезімен санасу керек. «Халық – айна» демекші, мен ауыл тұрғындарына да жақсы қатынасымды көрсетуім қажет деп шештім, - деп еске алады Нағима әже.
Осылайша, Нағима Сүлейменқызы да, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, үлкеннің жолын кеспей, оқушыларына да оң көзбен қарайлап, ел арасында, Ақжар ауылының тұрғындары арасында сыйлы ұстазға айналды.
- Тәрбие отбасынан басталады. Отбасы деген пештің аузы емес. Отбасының екі орны бар. Біріншісі – баланы жөргектен тәрбиелеу, екіншісі – дастархан басында тәрбиелеу керек. Баланы әлди айтып тәрбиелегенде баланың есту қабілеті, көру қабілеті, адамды тани білу қабілеті оянады. Дастархан басына үлкен келмей, бала отырмайды. Үлкенге сөз қайтармау, сөз тыңдамау, түзу отыруды да үйрету керек, - деп қосты Нағима Сатыбалдина.
Өзінің бар саналы ғұмырының жақсылығы мен жамандығын, көрген қайғы-қасіретін, нүктесі мен үтірін ұмытпай, бар өмірін сабақ алып, ой түйіп, бүгінгі таңда ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып отыр.
- Меніңше балаларымыз әке жолын, ана жолын қуып ұстаздықты таңдады. Тіпті немерелеріміздің арасында да ұстаздықты меңгергендер бар. «Текті текке тартады, тек жақсы жолға тартады» дейді ғой, біздің Батбақбай болыс, Жұмағұл би сынды бабаларымыздың шапағаты менің балаларыма жауып отыр ма деп ойлаймын, - деп қосты Нағима әже.
Бүгінгі таңда немерелері мен шөберелерінің қызығына бөленіп отырған Нағима Сатыбалдина өзінің салиқалы ғұмыры жайлы «Жүректегі жазулар» кітабын жариялап, екінші кітабын баспаға әзірлеу үстінде.