Өскемен
пасмурно
+16°
  • Өскемен
    +16°
  • Алматы
    +14°
  • Астана
    +16°
  • Ақтөбе
    +22°
  • Актау
    +20°
  • Орал
    +19°
  • Қарағанды
    +18°
  • Көкшетау
    +11°
  • Қостанай
    +13°
  • Қызылорда
    +21°
  • Павлодар
    +13°
  • Петропавловск
    +8°
  • Тараз
    +14°
  • Туркестан
    +15°
  • Шымкент
    +16°
$
441.44
-1.91
473.09
-2.45
¥
60.96
-0.22
4.75
-0.07
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Газета Газета

Өз елің үшін еткен еңбекке ештеңе жетпейді

Семей қаласына қайырымдылық концертке қатысуға келген еліміздегі танымал жас эстрада әншілерінің бірі Әли Окаповпен сұхбаттасудың реті келген еді

- Анаңыз Роза Рымбаеваның Семей өңірінің тумасы екенін көбі біледі. Жалпы, нағашы жұртыңызға қаншалықты жиі келесіз?

- Анамның бұрынғы Семей облысында дүниеге келгенін барлығы да біледі. Өзімнің де балалық шағым Жаңғызтөбе станциясында өтті. Семейге жиі келгім келеді, әрине. Өкінішке орай, реті келмейді. Жылына бір-екі рет қана жолым түседі. Соңғы рет 2016 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік шарада болған едім. Ал оған дейін үш жыл бұрын «Мәңгілік ел» пойызының Семейге келген мерекесіне қатыстым. Қазақстан Халықтар Ассамблеясының 20 жылдығы атап өтілген бұл мерекеге «Музарт» тобы, Жанар Дұғалова, «Орда» тобы, Тұрсынбек Қабатов қатысқан болатын. Халық көп жиналғандықтан орталық алаңда біз екі концерт өткізген едік.

- Бала күніңізде Семей өңірінде көп болдым дедіңіз. Қаланың қандай жерлері есіңізде бар, айта аласыз ба?

- Анамның туған өлкесі болғандықтан бұл қалаға жиі келетінмін. Қазірдің өзінде де Семейге келсем, екінші үйіме келгендей боламын. Бәрі ыстық, бәрі таныс. Есейген соң концерт ұйымдастыруға келіп, біраз уақыт қалада тұрған кездерім де болды. Қаланың ішін жаттап алу аса қиын емес. Сондықтан нақты қай жердің есімде екендігін айта алмаймын, өйткені қаланы толықтай білемін.

- «Қазақстан дауысы» және «Бала дауысы» ән сайысы жобаларында қазылар қатарында болдыңыз. Мұндай байқауларды өткізуде қандай қиындықтар туды?

- Шынын айту керек, ән байқаулары көп, алайда қатысушылар аз. Ал кейбір қатысушылар жобаға қатысуға ниет білдіргенімен кейін бас тартады. Жобаға қатысуға келгендердің өзі дайындалуға уақыт таба алмай жатады. Біз олардың жобаға қатысуына, уақыт табуына міндеттей алмаймыз. Бағын сынауға келгендердің көбі әнді жақсы айтқанымен, теледидар тәртібін білмейді. Сондықтан ән айтудың қыр-сырын үйретумен қатар, көгілдір экранның алдында өзін ұстау қағидаларын меңгертуіміз қажет. Жасы үлкен адамдармен жұмыс жасау да маған қиын. Өйткені өзім енді ғана жиырма бестен астым. Өзімнің анаммен жасты әрі тәжірибесі де мол адамдарға ескерту жасау қиындық келтіреді.

- Ал балалармен жұмыс жасау қиын болған жоқ па?

- Жоқ, балалармен жұмыс жасау әлдеқайда оңай. Балалармен жұмыс жасаған кезде оларға бала деп емес, ересек, естияр адам ретінде қарым-қатынас жасаймын. Жобаға қатысқан балалардың, тіпті, кейбірі өте тәжірибелі, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары болса, кейбірі ән айтуды енді ғана бастаған бүлдіршіндер болатын. Балалар әртүрлі болса да, олардың барлығымен бірдей деңгейде жұмыс жасаймын. Біреуінің жасы кіші ғой деп, жұмсақ қарым-қатынас жасамай, барлығына бірдей тапсырма бердім. Бүлдіршіндер берген кеңестерімді, тапсырмаларымды бұлжытпай орындайды. Ең бастысы, балалардың барлығын бір-біріне дос болуға баулып, тіл табыстыруға тырысатынмын.

- Жеңімпаздарды анықтауда қандай ұстанымда болдыңыз?

- Ең бастысы, қатысушылар көрерменнің көңілінен шығуы тиіс. Ал менің көңілімнен шығу үшін олар өз нөмірлерін әсерлі көрсетуі керек болатын. Финалда менімен ойдағыдай дуэт құра алатын адамды таңдауға тырыстым. Мәселен, Даниил Юнмен жақсы дуэт шығардық деп айта аламын.

- Сахнада жүрген жастарымыздың көбі қазақша ән айтуға бейімделіп келеді. Өзіңіз де тек қазақша ғана әндер айтасыз. Мұның сыры неде?

- Мен сахнаға шыға бастаған кезде, қазақ тілінде заманауи ән айтатын «Орда», «Ринго» топтарының өзі белгілі бір жас буынның, алдыңғы ұрпақтың танымал әншілеріне айналған еді. Мен де «Орда» тобының мүшелерімен ұзақ уақыт бірге жұмыс істегем. Ендігі келе жатқан жастар аудиториясының назарын аудару біздің мойнымызға жүктелді. Мен әу баста-ақ қазақ тілінде заманауи ән айтуды қалаған едім. Өйткені жастарға қазақ тілінде де кәсіби ән айтуға, өнер туындысын жасауға болатындығын дәлелдегіміз келді. Менімен бірге өз шығармашылығын бастаған Жанар Дұғалованың да, Ғалымжан Молданазардың да ойы осы арнаға тоғысатын. Себебі қазақ тіліндегі Қазақстан эстрадасын дамыту барлығымыздың да міндетіміз.

- Ал өзге нарықты, елді бағындырғың келмей ме?

- Бұл сұрақ жиі қойылады. Жауабым - жоқ. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «өз үйім - өлең төсегім» дейді. Менің өз елім үшін істейтін істерім әлі таусылған жоқ. Белгілі бір шыңға шықтым деп те айта алмаймын. Әлі де даму үстіндемін. Үлкен тәжірибе жинап, өз елің үшін еткен еңбекке ештеңе жетпейді.

- Әндеріңізбен тыңдарманға жағымды көңіл-күй сыйлауға тырысатын тәріздісіз...

- Иә, адамдарға қуаныш сыйлайтын, көңілдерін көтеретін әндерді айтуға көп көңіл бөлемін. Эстрадамызда мұңды ән айтатын әншілеріміз көп. Ал тек көңілді әндерді ғана айтатын әншілеріміз сирек. Ән - бұл өмір. Әнде тек қуаныш, күлкі, бақыт болатын болса, өміріңді де шаттыққа бөлейді. Көңіл-күйі көтеріңкі адамдар тыңдасын деп не естіген сәтте көңіліне қуаныш орнасын деген ниетпен жағымды әндер айтуға тырысамын.

- Тыңдармандарыңызбен жиі кездесесіз бе?

- Сахнаға алғаш шығып жүргенде фан-клуб құрып, әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, тыңдармандармен көп сұхбаттасатынмын. Ал сирек кездесемін. Әлеуметтік желіде де жаңалықтарыммен аз бөлісемін. Тек жұмысқа қатысты жазбалар мен суреттерді ғана жариялаймын. Жасыратын ешқандай еншім жоқ, бірақ әлеуметтік желіге күнделікті, тұрмыстық деңгейдегі жазбаларды жарияламаймын. Тыңдармандарға бұл қызықты емес.

Следующая →